Алматы облысында 100 мыңға жуық адам қаржылық қауіпсіздік ​​​​​​​диктантына қатысты

24.10.2025 19:51

Республика көлемінде өткен байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды

Қаржы мониторингі агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған республикалық диктант өз мәресіне жетті. Білім бәйгесінде суырылып шыққан студенттер мен оқушылар және қаржылық мониторинг субъектілері марапатталды. Қаржылай қауіпсіздік байқауында 2 млн-нан астам қазақстандық бақ сынаған. Оның 100 мыңға жуығы - Алматы облысының жастары, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Байқауда қарапайым «Дроп деген кім?» және «Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?» деген сұрақтардан бастап, жеке деректер, банк өнімдері мен онлайн-төлемдердің қауіпсіздігіне қатысты тапсырмалар берілді. 25 минутта 20 сұраққа дұрыс жауап берген үздік 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталды. Ал қалғандары алғысхаттармен марапатталды. 

«Байқау әділ өтті деп ойлаймын. Себебі қаншама мың адамның ішінен кім 100 пайыз дұрыс жауап берсе, сол бойынша 10 жеңімпаз анықталды. Осындай шараны ұйымдастырған Алматы облысы әкімдігі мен Қаржылық мониторинг агенттігіне үлкен алғысымды білдіремін. Жастарды қаржылық сауатты болуға шақырып жатқан бұл бастама біз үшін өте маңызды», – деді Іле ауданы, Қараой ауылы №49 орта мектебінің оқушысы Нұрдәулет Сманов.

Қаржылық қауіпсіздік диктантына жалпы саны 100 мыңға жуық мектеп оқушысы, студент, педагог және қаржылық мониторинг субъектілері қатысқан. Алматы облыстық қаржы мониторингі мамандарының сөзінше, мұндай іс-шаралар азаматтардың алаяқтық схемаларды танып, қаржылай сауатын ашуына мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда алаяқтықпен айналысып жүрген адамдар өте көп. Сол себепті мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында осындай жарнамаларға еліктейтіндер жиі кездеседі. Сондықтан оларды ондай әрекеттерге жолатпау және алдын алу мақсатында осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеміз», – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Болат Өтенов.

Айта кету керек, келе жылы облыстық қаржы мониторингі департаментінің құрылғанына 5 жыл. Мамандар осы уақыт аралығында өңірдегі азаматтарға қаржылық сауатты болудың маңызын жүйелі түрде түсіндіріп келеді.

Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен 8 медициналық нысан салынды