Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен 8 медициналық нысан салынды

Өңірде барлығы 18 жоба жүзеге асырылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Олигархтар мен жемқорлардан қайтарылған қаржыға Жетісу облысында 8 жаңа медициналық нысан бой көтерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Емдеу мекемелері Республика күні қарсаңында Жалғызағаш, Қайнар, Сарытөбе, Жаңалық, Қаратал, Оян ауылдарының халқына пайдалануға берілді. Ал Жайпақ елдімекенінде дәрігерлік амбулатория, Қайнарда фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Өңірде барлығы 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Үкімет құрылысқа арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлген.  

«Мен меңгеруші болып қызмет етіп жүргеніме 20 жыл болды. Бүгін, міне, біз үшін үлкен қуаныш болып жатыр. Бұл жаңа, заманауи ғимарат прокуратураның қайтарылған активтері есебінен салынды. Амбулаториямыз заманауи медициналық аппараттармен толық жабдықталған», – деді Жайпақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Сая Мазабаева.

Барлық ғимаратқа инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, заманауи медициналық техникамен жабдықталған. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету стандарттарына да сай. Емдеу насандары шалғай ауылдарда тұратын 4 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.  

«Осындай ғимарат салып бергендері үшін әкімдікке үлкен рақмет айтамыз. Бұрын бұл жер салынбай тұрғанда, көрші Жаңаталап ауылына баратынбыз, болмаса аудан орталығына қатынайтынбыз. Енді, міне, осындай жаңа ғимарат салып берді. Енді қиналмайтын шығармыз, анализімізді де, дәрі-дәрмегімізді де осы жерден аламыз», – деді Оян ауылының тұрғыны Қазбек Сарымбеков.

Оқи отырыңыз: Келешек мектебі: Алматының Алатау ауданында жаңа білім ошағы жұмысын бастады

Новости партнеров