Алматы облысында 100 шақырымдық далалық шеруді сәтті еңсерген курсанттарға куәлік табысталды

Шеруге 6 мамандық бойынша 120-дан астам курсант қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында Құрлық әскерлері Әскери институтының түлектері мамандықтарына сай далалық тәжірибелік сабақтан өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаттығу барысында олар 20-дан астам әскери техниканы меңгеріп, түрлі кедергіден құрылған 100 шақырымдық шеруді еңсерді. 120-дан астам курсант іс жүзінде жинаған теориялық білімдерін бекітіп, әскери техниканы басқарудағы шеберліктерін паш етті. Оқу орнының бітіруші түлектері теорияда жинаған білімін тәжірибеде сынайды.

«Құрлық әскерлерінің әскери институтының курсанттары 100 шақырымдық шеру сабағын жүргізуде. Негізгі мақсаты –болашақ офицерлердің әскери өмірде бөлімшелерді басқару негіздеріне үйрету», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтының жүргізу кафедрасының аға оқытушысы Мейіржан Бақтыбекұлы.

100 шақырымдық дала жағдайындағы тәжірибелік шеруге 6 мамандық бойынша 120-дан астам курсант қатысты. Олар алдымен нұсқаушылардан арнайы тапсырма алып, бағыттарын нақтылады.

«Басында шеру кезінде техникаларды алмастырып және маневр жасау. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында аяқ асты шабуылға сай әрекет ету маңызды», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлерінің әскери институтының 4-курс курсанты Дінмұхамед Алмағамбетов.

Жаттығу жоспары бекітілген бойда әскери институттың түлектері тоғыз Т-72 маркалы танк пен 11 жауынгерлік көліктің қозғалтқышын оталдырып, алғашқы жүрістерін бастады. Бірінші кезеңде курсанттар таулы әрі кедір-бұдырлы жер бедерінен өтіп, сап реттілігін бұзбай жүру тапсырмасын орындады.

Сонымен қатар курсанттар әскери көліктерге жанармай құю машығын тәжірибе барысында шыңдады. Бір мезетте 14 бірлікке қатар қызмет көрсетілді. Мәселен, БТР-2 маркалы техника сұйық отынмен төрт минутта толтырылса, ал қуатты Т-72 танкісіне сегіз минут уақыт жұмсалды.

«Назарларыңызда екі түрлі жауынгерлік техника тұр. Оның бірі – БТР-2 броньды машинасы, екіншісі – Т-72 маркалы танк. Бұл қос көлік те 500 шақырымға дейін үздіксіз қозғала алады. БТР-2 үлгісінің жанармай багына 462 литр, ал Т-72 танкіне 1160 литрге дейін сұйық отын құйылады», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институты бастығының бірінші орынбасары Жәнібек Сарғазин.

Айта кетейік, бүгінгі 100 шақырымдық далалық шеруді сәтті еңсерген курсанттарға 3-санаттағы механик-жүргізуші куәлігі табысталмақ.

Бұл – олардың төрт жыл бойы алған білімінің қорытындысы. Ең жоғары кәсіби бағасы саналады.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы, Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Қыс мезгілінде сақтық шараларын сақтаңыз: ТЖМ ескерту жасады

Новости партнеров