Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм әріптестерімен бірге ішімдік ішкен
Алматы облысы Ұйғыр ауданында 29 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Бес күн бұрын анасы оның жұмысқа кетіп, қайта оралмағаны туралы полицияға арыз жазған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жедел-іздестіру шаралары барысында ер адамның денесі демалыс аймағының маңынан табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм әріптестерімен бірге ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындап, салдарынан ер адам дене жарақатын алған көрінеді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір адам өлтіру және қылмысты жасыру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Тергеу шеңберінде оқиғаның барлық мәнжайын анықтауға бағытталған қажетті процесуалды әрекеттер кешені жүргізілуде. Оқиға кезінде болған үшінші адамға қатысты процесуалдық шешім қосымша тергеу нәтижелері бойынша қабылданады», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаздың басында аптап ыстық болады