Жануар ұстау ережесін бұзғандарға 3,1 млн теңге айыппұл салынды
Жыл басынан бері өңірде 7 558 ит пен 29 мысық ұсталды. Алайда олардың ішінде тек 82 ит қана иелеріне қайтарылды, бұл жануарларды қараусыз ұстаудың кең таралғанын көрсетеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жануарларды ұстау ережелерін бұзғандарға 3,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, ал 133 иттің иесіне әкімшілік шар қолданылды.
«Соңғы оқиғалардың бірі – Құмтоған ауылында болған жағдай. Мұнда қаңғыбас иттер үй жануарына шабуыл жасаған. Ветеринариялық қызметтер жедел жетіп, 9 итті ұстады. Жараланған жануарға көмек көрсетілді, ал бұл аумақ бақылауға алынды. Мұндай жоспарлы рейдтер өңірдің басқа елді мекендерінде де жалғасады», - делінген хабарламада.
Мамандар тек айыппұлмен мәселені шешу мүмкін еместігін атап өтеді. Өңірде иттерді міндетті түрде чиптеу, стерилизациялау және үй жануарларын ұстау талаптарын қатаңдату шаралары қарастырылуда. Жануар иелерін жауапкершілікке шақырады, өйткені қаңғыбас иттер тек қауіп төндіріп қана қоймай, оларды ұстау мен жоюға миллиондаған қаржы жұмсалады.
Оқи отырыңыз: Ақтауда әкім орынбасары тағайындалған соң келесі күні қызметінен кеткен