Биыл өңірде 120-дан астам жан пәтерлі бола алады
Биыл Алматы облысындағы 120-дан астам жан пәтерлі бола алады. Өңірде бүгіннен бастап «Алатау» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Несие сомасы –30 миллион теңге. Ал бастапқы жарна небәрі 10 пайыз. Кредитті мақұлдауда маңызды салаларда еңбек етіп жүрген мамандарға, көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Алатау» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына 18 жастан 60 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым мамандары, БАҚ қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, энергетика және коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала бағыттарында жұмыс істейтіндер мен тиісті мәртебесі бар спортшылар қатыса алады. Десе де, қатысушының соңғы 24 айда ел аумағында баспанасы болмауы тиіс, 2 жыл бойы облыста жұмыс істеуі міндетті. Әлеуметтік осал топқа жататын жандар да өтініш бере алады. Олар үшін ұпай да өзгеше есептелмек. Яғни, жесір қалған әйелге екі балл толық есептелсе, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар қосымша балл ала алады.
«Неке үшін, бала саны, қызмет өтілі және де осы жылы жаңадан қосылған мүгедек балалары барларға қосымша балл берілетін болады. Оның барлығын есептеп, комиссияның шешімен 2 тізім шығады. Яғни, алғашқысы негізгі, екіншісі қосымша тізім. Негізгі тізімге енген азаматтарға «Отбасы банкк»е қарай жолдама берілетін болады», – деді Алматы облысы ТҮКШ және Абаттандыру басқармасы басшысының м.а. Жанғазы Жанабаев.
Несиенің ең жоғары сомасы – 30 миллион теңге. Қарыз 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі, ал бастапқы жарна 10 пайыз. Маңызды талаптардың бірі – бағдарлама аясында тұрғын үйді тек Қонаев қаласының бастапқы нарығынан сатып алуға болады.
«Міндетті түрде азамат бізге келгеннен кейін оның несие тарихын, төлем қабілеттін тексеретін боламыз. Егер несие тарихы нашар болса, өкінішке қарай, азамат өте алмайды. Ал егер жалақысы аздау болса, кісі екі гарант шақырып, квалификациядан өтетін мүмкіндігі бар», – деді «Отбасы банк» АҚАалматы облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Естияр.
«Алатау» бағдарламасы бойынша өтінімдер бүгіннен бастап Қонаев қаласындағы «Шахнур» бизнес орталығында қабылданады.
Айта кету керек, 2025 жылғы осы жобаға 3,7 милиард теңге бөлініп, 132 отбасы баспаналы болған еді.
Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов, Алматы облысынан