Қасымхан Бегманов: Бекжанның есімін өткен шақта айту - өте ауыр

17.08.2026 19:33

«Өлді ақын, қоғам қалды ары жетім,

Жасымен жуғансынды бері бетін,

Қазаны жеткізді ел бір-біріне

Айтқандай ауа райы мәліметін». Осы бір өлең жолдарының авторы Бекжан Әшірбаев та келместің кемесіне мініп кете барды. Қазақ өнері тағы бір саңлағымен қоштасты. Қарапайым қалпымен көптің құрметіне бөленген қаламгердің қазасы қалың жұрттың қабырғасын қайыстырды. Елуді енді еңсерген Әшірбаевтың еліне берері, артында қалдырар мұрасы әлі де көп еді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Айтыс өнерінде өзіндік өрнегін қалдырып, жыр әлемінде дара жолын қалыптастырған Бекжан Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ғұмырын өлең мен өнерге, әдебиет пен журналистикаға сарп еткен ол Түркістан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдап, баспа ісіне бет бұрды. Сондай-ақ Бекжан Әшірбаев айтыс өнеріне де ерте араласты. 1989 жылдан бері республикалық додаларға қатысып, суырыпсалма өнердің дамуына үлесін қосты.

«Нағыз өнерпаз, шын мәнінде, талантты азамат еді. Мен Бекжан Әшірбай десе, өткен шақпен айту өте ауыр», – деді Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.

Ол ақындығымен қатар, сазгерлігімен де көпшілікке танылды. Бекжан Әшірбаевтың әуесқой композитор ретінде шығарған «Көршінің қызы» әнін Тоқтар Серіков орындап, шығарма қалың тыңдарманға кеңінен тарады. Бұл әуен – оның музыка әлеміндегі талантын көпке танытқан шығармалардың бірі.

«1999 жылы «Көршінің қызы» әнін жазып келдім, тыңдап көресіңдер ме?» деді. Ең алғашқы тыңдарманы болдық. Біз ол кезде ҚАЗҰУ журналистика факультетінің 1-курс студентіміз. Ағайымызды қолдап, керемет ән екенін айттық. Ағайымыз қатты толқып, «жастарға ұнаса, бұл ән көп ұзамай хитке айналатын шығар» деп айтқан еді», – деді Б. Әшірбаевтың шәкірті, журналист Қанат Әуесбай.

Бекжан Әшірбаев – білікті ұстаз. Ол талай жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүздеген жас журналистің қанатын қатайтуға үлес қосты. Қалам ұстаудың жауапкершілігін ұғындырып, сөздің салмағын түсіндірді.

«Алдағы уақытта Бекжан Әшірбайдың есімін мәңгіге қалдыру, кітаптарын жарыққа шығару, еске алу, ас беру осындай түрлі іс-шаралар, еске алу кештерін, әндерін халыққа жеткізу, әдеби мұрасын халыққа жеткізу істерімен айналысатын боламыз», – деді Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.

Қазақ әдебиеті мен журналистикасы қабырғалы қаламгерімен қоштасты. Бірақ Бекжан Әшірбаевтың ізі жыр болып, ән болып, естелік болып елмен бірге жасай бермек.

 

 

 

 

Толық көрсету