Жол апаттары себептерінің бірі – облыс аумағындағы жолдардың жағдайы
Алматы облысында биыл жол-көлік оқиғалары жиілеген. Бұл туралы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқарма бастығының орынбасары Еркебұлан Ахмедов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың 10 айында облыс жолдарында 3020 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 2024 жылы бұл уақытта 2469 жол апаты болған. Сондай-ақ биыл қаңтар-қазан айларында жол-көлік оқиғасы салдарынан 304 адам қаза болды және 4539 адам дене жарақатын алды.
"Жол апаттарының саны 22,3 пайызға, қаза болғандар 2,7 пайызға және жарақат алғандар саны 33,8 пайызға өсіп отыр. Жол апаттарының басты себептерінің бірі – көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы", - деді Еркебұлан Ахмедов.
Полиция департаментінің өкілі жол қозғалысын реттеу және жол апаттарының алдын алу мақсатында 16 жедел алдын алу іс-шаралары өткізілгенін атап өтті.
Бұл жұмыстар аясында жол ережесін бұзу деректері анықталды:
"Жол апаттары себептерінің бірі – облыс аумағындағы жолдардың жағдайы. Қолданыстағы барлық жолдарға 1423 тексеру жүргізілді, кемшіліктерді жою туралы жол жөндеу мекемелеріне ұйғарымдар жіберілді. Тексеру нәтижесінде 1682 дана жол белгісі, 6 бағдаршам объектісі, 51 жол кедергісі, 1200 м тротуар орнатылып, 93 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылды. 8308 м2 жол таңбалары сызылды", - деді ол.
Сондай-ақ әкімшілік полиция басқарма бастығының орынбасары автокөлік жолдары мен жол құрылғыларын күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін жол мекемелерінен 350 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Оларға 22 млн теңге айыппұл салынған.
Оқи отырыңыз: Қар шығару жұмыстарының сапасын арттыру үшін Алматыда жол бойындағы боллардтар алынып жатыр