Алматы облысында цифрлық технология көмегімен өлім-жітім көрсеткіші 31 пайыз төмендеді

Almaty.tv (мұрағат)
Almaty.tv (мұрағат)

Өңірде қоғамдық орындар мен жол бойына 9500-ге жуық камера қойылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында қоғамдық орындар мен жол бойына қойылған 9500-ге жуық камераның арқасында өлім-жітім көрсеткіші 31 пайыз азайды. Биыл аталмыш құрылғы арқылы ереже бұзғандарға айыппұл салынып, бюджетке 11,5 миллиард теңге қаржы түсті,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында IT саласын жетілдіру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, тұрғындармен кері байланыс орнатуға арналған «109» қызметі арқылы облыс бойынша 73 мыңнан астам азаматтың өтініші орындалды. Сондай-ақ цифрлық қадағалау технологиясының көмегімен 188 жобаға мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде облыста іске асырылған бастамалар жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы рейтингте тұрақты түрде бірінші және екінші орындарды иеленіп келеді.

Цифрландыру саласына жастарды кеңінен тарту мақсатында да облыста бірқатар игі жоба қолға алынды. Мысалы, Қонаевтағы Alatau Hub орталығында биыл 90-нан астам іс-шара өтіп, оған 1400-ден астам адам қатысты. «Digital Keruen» жобасы арқылы өңірдің түкпір-түкпіріндегі азаматтар ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект туралы білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды. Хакатондар, Google Cloud шеберханасы және Startup Orda бағдарламалары да жастарды цифрлық салаға баулып келеді.

Қазіргі таңда Алматы облысындағы 376 елді мекеннің 365-і мобильді байланыспен және интернетпен қамтылып, көрсеткіш 97 пайыздан асып отыр. Келесі жылы  тағы сегіз ауыл сапалы интернетке қол жеткізеді. Одан бөлек қолданыстағы желілер 4G стандартына сай жаңғыртылады. 

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Алматы облысындағы 85 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, биыл 29 елдімекендегі әкімдіктер, мектептер мен фельдшерлік пункттер интернетке қосылды. Республикалық жолдардың бойындағы байланыс сапасын арттыру үшін жыл соңына дейін 17 антенна-діңгек салынып, пайдалануға беріледі. Ал Көлсай мен Шарын туристік аймағында мобильді желілер және Wi-Fi  желісі тегін жұмыс істейді. 

Оқи отырыңыз: Отбасының цифрлық картасы: әл-ауқатты бағалау кезінде не ескеріледі