Алматы облысында қураған ағаштар тұрғындарға қауіп төндіріп тұр
Олардың сөзінше, мәселе үш жылдан бері көтеріліп, жауапты органдарға бірнеше рет өтініш берілген
Алматы облысы Көксай ауылындағы көшенің бірінде ондаған метрге бой созған теректердің бір бөлігі қурап қалған. Ағаштар тұрғын үйге жақын орналасқандықтан, жергілікті халық қатты жел кезінде олардың құлап, адам өмірі мен мүлікке қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрғындардың сөзінше, мәселе үш жылдан бері көтеріліп, жауапты органдарға бірнеше рет өтініш берілген.
– Қураған ағаштарды кесу туралы өтініш бергенбіз. Бірақ әлі кесілген жоқ. Арғы беттегі үйге екі ағаш құлады. Әкімдіктегілер бұл жағдайды біледі. Газ құбырына да зақым келді. Енді ағаштар біздің жаққа құлауы мүмкін. Жоғары кернеулі желілерге, газ құбырына немесе үйлердің шатырына түссе, үлкен қауіп төнеді, – деді Көксай ауылының тұрғыны Дүйсенбек Зиябеков.
Жергілікті тұрғындар бұған дейін құлаған ағаштардың салдарын өз күштерімен жоюға мәжбүр болғанын айтады.
– Ағаш жеке үйдің үстіне құлады. Тағы біреуі қоршауға түсті. Сол кезде әкімдік өкілдері келіп, мәселені шешетіндерін айтқан. Қазір осы маңның өзінде құлауға шақ тұрған бес-алты ағаш бар. Егер ағаш үйіме құлап, шығын келтірсе, оның өтемақысын кім төлейді? – деді Көксай ауылының тұрғыны Ирина Беглова.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, теректер орналасқан аумақ жекеменшік жер теліміне жатады. Сондықтан жер иесінің келісімінсіз аумаққа кіріп, ағаштарды санитарлық кесу заң талаптарына қайшы. Ал жасыл желектің апатты жағдайда екені арнайы актімен расталуы қажет.
– Бұл ағаштар жекеменшік жер учаскесінде орналасқан. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік сараптама жүргізу мүмкін емес. Заңға сәйкес, жекешеленген жер учаскесінде өсіп тұрған ағаштарды бюджет қаражаты есебінен кесуге болмайды. Біз енді жер иесін іздеуге күш саламыз, – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ескендір Егеубек.
Қазір жергілікті билік алдымен жер телімдерінің иелерін анықтап, ағаштардың жағдайын тексеру қажет екенін айтып отыр. Редакция аумақтардың нақты нысаналы мақсатына қатысты да сауал жолдаған. Әзірге ресми жауап түскен жоқ.
Әкімдік мәселені назарға алып, қажетті жұмыстарды екі апта ішінде ұйымдастыруға уәде берді.
Әйкерім Пернебек, Олжас Үшкен, Almaty TV, Алматы облысынан.