Нысандағы ахуалмен танысқан аймақ басшысы жұмыстың бұлай созбаққа салынуын қатаң сынға алды
Талғар ауданы Нұра ауылында орналасқан №12 орта мектептің құрылысы 4 жылдан бері аяқталар емес. Мердігердің салғырттығынан күрделі жөндеу жұмыстары сағызша созылып кетті. Салдарынан мыңға жуық оқушы Мәдениет үйінде, әкімдік ғимаратында және көрші ауылдағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болған. Осыған байланысты бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев білім ошағына арнайы барып, құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл мектеп 1969 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмысын бастапқыда жүргізген компания жосықсыз деп танылып, өткен жылдың қыркүйегінде нысан басқа медігерге тапсырылған. Олар оқу орнын биыл маусымда пайдалануға беруі тиіс еді. Бірақ құрылыс әлі аяқталмаған. Қазіргі таңда екі мердігердің де ісі сотқа жолданып, айыппұл салынған.
Нысандағы ахуалмен танысқан аймақ басшысы жұмыстың бұлай созбаққа салынуын қатаң сынға алды.
«Компаниясына сенім артып, ғимаратты тапсырдық. Құрылысқа да, материалдарға да қажетті қаржы толық бөлінген. Оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Ал атқарылған жұмыс көңілге қонымсыз. Бұл мәселені шұғыл шешу керек. Қыркүйекке дейін құрылыс толық аяқталуы тиіс, – деді Марат Елеусізұлы.
Сонымен қатар қажет болған жағдайда мердігерді ауыстыру мәселесін қарастырып, Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне құжаттарды жіберуді тапсырды. Жауапты мемлекеттік органдарға жұмыс барысын күнделікті қадағалап, бұл іске селқос қараған компанияларды қатаң жазалау керегін жеткізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылауға белсенді қатысуға шақырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепке барды. Мұнда күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Дегенмен құрылыс сапасына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Сондай-ақ мектеп айналасындағы қосалқы нысандар жөндеусіз қалған. Ал спорт алаңының құрылысы жүйесіз жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Марат Сұлтанғазиев анықталған олқылықты қысқа мерзімде ретке келтіруді, мектеп аумағын толық абаттандыруды және барлық инфрақұрылымды талапқа сай жасауды міндеттеді. Аймақ басшысы білім беру нысандарының сапасы мен қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болу керегін баса айтты.
Оқи отырыңыз: