Елге оралған Бектембай Елеманов аудандық қаржы бөлімінде инспектор қызметін атқарған
Алматы облысының Ұзынағаш ауылында Отан соғысының ардагері Бектембай Елемановтың есімі ұлықталып, атына көше берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ел қорғаған ердің батырлығын ұрпақ жадында сақтауды мақсат еткен игі қадамды ауыл тұрғындары мен басшылығы қолдап, көше басына жиналды. Бектембай Елеманов оқ пен оттың ортасында ерлікпен шайқасып, 897-атқыштар полкінің командирі ретінде батыс Украина, Смоленск, Курск және Карпат қалаларын азат ету ұрыстарына қатысқан. 1946 жылы жеңіспен туған жерге оралған батыр мүгедек болып қайтқанымен, рухынан айнымаған. Ол кейінгі жылдары да, елге адал қызмет етуін жалғастырған. Көп жыл аудандық қаржы бөлімінде инспектор болып еңбек етіп, абыройлы азамат ретінде танылды. Ерен ерлігі мен еңбегі үшін түрлі орден-медальдармен марапатталған. Көшенің ашылу салтанатында батырдың ұрпақтары жиналып, естелік айтты.
«Ұзынағаш селосынан Ұлы Отан соғысына 5300 адам аттанған. Соның ішінде 2306-сы аман-есен оралып, 100 адамдай хабар-ошарсыз кеткен. Ел басына түскен бейнеттің бәрін көріп, атамыз соғыстан аман оралды. Ол – ел экономикасын көтеруге атсалысқан азаматтардың бірі. Инспектор болып жұмыс жасады. Ол – өмірінің соңына дейін жан-жағына, ұрпағына ұлағатты сөзін айтқан ақсақал», – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Кәміл Бейсеқанұлы.
«Ұлы Отан соғысына қатыстан адамдарды ұмытпай, ұлықтап көше аты беріліп жатыр. Біз өте қуаныштымыз!» – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Алик Елеманов.
Оқи отырыңыз: Көз аурулары: Алматыда италиялық маман шеберлік сағатын өткізді