Алматы облысында пәтер тонаған топ ұсталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық азаймай тұр. Кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында, әсіресе, пәтер ұрлығы жиілеп кетіпті. Алматы облысында соңғы 4 айда тонаумен айналысқан топ ұсталған. Оның құрамында 14 пен 17 жас аралығындағылар да бар. Ал келтірілген шығын көлемі 21 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде жасөспірімдердің қылмысқа баруы жиілеп кетті. Егер 2024 жылы 60-тан астам дерек тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 80-ге жуықтаған. Құқық қорғау органдары мәлім еткендей, жиі кездесетін заңбұзушылықтар – ұрлық пен алаяқтық. Сонымен қатар бұзақылық, бопсалау, тіпті тонау сияқты ауыр қылмыстар да тіркеледі. Алматы облысындағы Кемертоған ауылында жағдай жыл басталғалы ушығып тұр. Небәрі бір апта ішінде бір көшеде 20-дан аса үйге ұры түсіпті.

«Үйде ылғи адам болатын. Сол күні қонаққа кеткенбіз. Ұзынағашқа, алыстау жер. Сол кезде ұрлыққа түсті, терезеден ашып кірген. Арада 1 аптадан соң басқа үйлерге түскен. Мөлшермен миллионға таяу әшекей-бұйым ұрлаған», деді  —  Қарасай ауданының тұрғыны Ерсін.

Қаскөйлердің амал-тәсілдері де күн өткен сайын жетіліп келеді. Бұрынғыдай есік бұзып кіру емес, енді олар пластик терезелерді ашудың түрлі айласын меңгерген. Кей жағдайда үй иелерінің әлеуметтік желідегі жазбаларын аңдып, олардың жоқтығын пайдаланады. Тіпті бейнебақылаудан жалтарудың жолдарын да жақсы біледі. Тәртіп сақшыларының айтуынша,  айлакерлік қылмыстың алдын алуды қиындатып, қарапайым тұрғындардың сақтығын бұрынғыдан да күшейтуді талап етіп отыр. Тұрғындар мұндай әрекетке баратындардың көбі жастар екенін айтты.

«Иә, жас балалар. Көршіміздің камерасына түсіп қалған. Жас баланың жүрісі, кәрі адамдар емес. Дұрыс тәрбие беру керек қой. Біздің үйден шыққанымызды аңдып тұра ма, білмейміз? Үйден шығып, қайта келсек ұры түседі», —  деді Қарасай ауданының тұрғыны Тоғжан Кәмежанова.

Психологтар кәмелетке толмағандардың мұндай әрекетке баруын түрлі әлеуметтік және психологиялық факторлармен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер көбіне назардан тыс қалған кезде немесе отбасында эмоционалдық жылулық жетіспеген жағдайда сыртқы ортадан «мойындау» іздейді. Кейбірі жеңіл табысқа қызығып, құрдастарының ықпалына түссе, енді бірі қылмыс салдарының ауырлығын толық түсінбейді. Мамандар бұл кезеңде жасөспірімнің мінезі әлі қалыптасып үлгермегендіктен, кез келген сыртқы әсерге тез берілетінін айтады.

«Жасөспірімдік шаққа дейінгі жетілу, өсу барысында, сатысында белгілі бір қалыптасу кезеңдері болады. Сол қалыптасу кезеңдерінде ішкі сезімдер, ішкі эмоциялар, сыртқы эмоциялар деген психологиялық базалық принциптер бар. Осы қажеттіліктер толық өтелмегендіктен, сыртқы іс-әрекеттер, жат қылықтарды жасау арқылы адам өзіне назар аудартады. Демек ең бірінші бала қайда өсіп жетіледі? Өмірде, ата-ананың, отбасы мүшелерінің балаға деген базалық, психологиялық жетілуі кезеңіндегі эмоциаларын толық бере алмауынан балалар қрлыққа барады», —  деді психолог, психотерапевт Бақытгүл Манасова

Жыл басынан бері қылмыс деңгейі өсіп, келтірілген залал көлемі 21 миллион теңгеден асып отыр. Тәртіп сақшылары әсіресе қоғамдық көліктерде, сауда орындарында сақ болуға шақырады. Дегенмен қауіп тек сыртта емес — кей жағдайда өз үйіңіз де оңай олжаға айналуы мүмкін. Мамандар ең алдымен баспананың қорғанысын күшейтуді ұсынады. Кіреберіс есік мықты әрі сапалы құлыптармен жабдықталуы тиіс. Терезелер, әсіресе төменгі және жоғарғы қабаттарда орналасқандары, қосымша қорғанысты қажет етеді.

«Пәтер ұрлығымен айналысқан тағы бір қылмыстық топ, 24 наурызда Алматы облысы аумағында ұсталды. Олардың есебінде 3 қылмыс бар. Ол топта 14-17 жастағы жасөспірімдер болған», — деді ҚР Ішкі Істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Алматы облысы полициясы жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Жыл басынан бері 400-ге жуық ұрлық тіркелсе, оның дені ашылған. Алайда тұрғындар келтірілген материалдық шығынды қайтару процесінің созбалаңға салынғанына да шағым білдірді.

«Өңірде пәтер ұрлықтарына қарсы күрес бағытында оң динамика байқалуда. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аталған қылмыс түрлерінің тіркелуі төмендеп, олардың ашылу көрсеткіштері де жақсарған. Жыл басынан бері 139 пәтер ұрлығы тіркеліп, оның ішінде 82 пайыздан астамы ашылған. Бұл нәтижелер көбінесе полиция қызметкерлері жүргізіп жатқан жүйелі профилактикалық жұмыстардың арқасында қол жеткізілді», — деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Сарапшылар мәселенің түп-тамыры тек қылмыспен күресте емес, жасөспірім тәрбиесі мен отбасылық бақылауда жатқанын атап өтеді. Сондай-ақ балалар үшін тағы бір үлкен қауіп – интернет кеңістігі. Заңсыз контенттің ықпалына түскен жасөспірімдердің саны артып келеді. Осы бағытта полиция өткен жылы 900-ден астам күмәнді сайтты анықтап, «Киберқадағалау» базасына енгізген.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда дәмханаға заңсыз салынған нысан бұзылып жатыр

 

Новости партнеров