Алматы облысында әскери қызметте жүрген сарбаз көз жұмды

18.09.2025 14:28

Оның өз-өзіне қол жұмсағаны айтылды

Алматы облысында 19 жастағы сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv

Жас жігіт Жамбыл ауданы Гвардейск гарнизонындағы «Мәтібұлақ» әскери бөлімінде борышын өтеген. Сарбаздың жақындарының сөзінше, марқұм егіздің сыңары. Бауыры былтыр күзде әскерге аттанған, ал Дінмұхамед биыл көктемде кеткен. Бастапқыда екеуі де Отарда қызмет етіпті, кейіннен марқұмды Жамбыл ауданына жіберген. Ресми мәліметтерге сенсек, сарбаз өз-өзіне қол салған. Ал туыстары Дінмұхамедтің асылып өлгеніне сенбейтінін айтып, шынайы әрі әділ тексеріс жүргізуді талап етіп отыр.

«2025 жылғы 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол салған.  Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді. ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі», – деді ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда есірткі қылмысына қатысты күдікпен екі шенеунік ұсталды