Қазіргі таңда аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал өзге күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр
Маңғыстауда екі бірдей әкім орынбасары есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың бірі Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары болса, екіншісі Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары. Қазір шендінің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал өзгесіне бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек өңірдің тәртіп сақшылары дәл сол Мұнайлы ауданында есірткімен айналысқан тағы бір адамды тұтқындаған. Бұл қылмыстар «Қарасора-2025» арнайы операциясы кезінде анықталып отыр.
«Сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқаларына қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Алынған заттар бойынша сараптама тағайындалды», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді