Алматы облысында тазылардың аңшылық қарым-қабілеті сыналды

Бүгінде ел аумағында аңға алғыр, желмен жарысқан 3 ,5 мыңнан аса қазақы тазы тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында қазақы тазылардың аңшылық қарым-қабілеті сыналды. Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 15 шашақ құлақты ит қатысты. Сынақ барысында олардың көз ілеспес жылдамдығы, иіс сезуі және із кесудегі шеберлігі бағаланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде ел аумағында аңға алғыр, желмен жарысқан 3 ,5 мыңнан аса қазақы тазы тіркелген. Соның ішінен 15 шашақ құлақты жүйрік ит арнайы іріктеліп, аңшылық қабілетін сынау үшін Еңбекшіқазақ ауданына әкелінді. Алдымен барлық тазы тіркеуден өтіп, денсаулық жағдайы тексерілді.

Айта кетейік, биыл асыл тұқымды ит әлемдік деңгейде мойындалды. Кинологтар тазының тек сыртқы сымбаты ғана емес, аңшылық қабілеті де сыннан өтуі керек екенін айтты.

«Ата-бабаларымыздан қалған тазының тарихи міндеті - аң аулау. Сондықтан көрме, байқаулармен қатар аңшылық сынақтары өте маңызды. Себебі олардың нәтижелері тиісті асылдандыру бағдарламасында пайдаланатын болады. Сол арқылы тұқымын сақтап қаламыз», – деді  Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

«Нола» атты тазы бір жарым жаста. Бүгін оның нысанасы – құм қояны.

Айта кетейік, әлемде 8 туыстыққа бөлінетін қоянның 50 түрі бар. Ұзынқұлақтардың елімізде үш түрі ғана кездеседі. Ор, ақ және құм қояны. Оның ішінде ең кішісі құм қояны. Олардың дене тұрпаты 53 сантиметр, ал салмағы 2 жарым келіге дейін барады.

Тазының аңшылық қабілеті иен далада сыналады. Бұл жолы нысанада - құм қояны. Қатысушылар үш топқа бөлініп, бірнеше шақырымды жаяу жүріп өтті. Кең алқапты тінтіп отырып, олжасы көзге түскен сәтте шашақ құлақты жүйріктер бірден босатылды. Сол мезетте олардың көз ілеспес жылдамдығы, із кесудегі шеберлігі жан-жақты сарапқа салынды.

«Менің тазы әлеміне келгеніме шамамен 7 жыл болды. Таза қанды қазақы шашақ құлақ тазы алып келдім. Аты Жібермес. Қазылар алқасы қалай бағалаййтынын көреміз», – деді қатысушы Ермек Молдабекұлы.

Тазының тектілігі мен жүйріктігі сыналған бұл сайыста үшінші орын Қаблан атты тазыға бұйырды. Ал жүлделі екінші және бірінші орындарды ұлттық аңшылық клубының қос бірдей шашақ құлақты жүйрігі өзара бөлісті.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Жүрек жылуы: алматылық жастар қайырымдылық турнирін ұйымдастырды

Новости партнеров