Қарасай аудандық ауруханасының мәліметінше, пациент жүктіліктің 25-аптасында толғағы басталып, қағанақ суы кеткен күйде жеткізілген
Алматы облысында 3 бірдей нәрестесінен айырылған отбасы әділдік сұрайды. Қара жамылған жанұя мүшелерінің сөзінше, босануға барған келініне Қарасай аудандық перзентхана мамандары дұрыс ем-дом тағайындамаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Айдана Оразбаеваның жүктілігі 6 ай бойы қалыпты өткен. 17-18-не қараған түні келіншектің суы кетіп, толғақ қысқан. Жолдасы бірден әйелін бақылауда тұрған Жамбыл аудандық ауруханасына апарған. Бірақ ондағы мамандар жүкті келіншекті Қаскелеңдегі перзентханаға жіберген. Осылайша 18 күні таңғы сағат 7:00-де үшем дүние келіпті. Алайда бірнеше сағат өткен соң, егіз сәби көз жұмыпты.
«Негізі қалада кесір тілігін жасату керек едік.. Алайда экстренный жағдай болды. Бірақ ұлым қалаға жіберуін сұраған. Олар шақалақтар өте кішкентай табиғи жолмен босандырып аламыз»дейді. Босанғанда егіздер бірінен кейін бірі шетінеп кетті деді. Оны да өзімізге емес, келінге айтқан», – деді А. Оразбаеваның енесі Гүлжамила Төлешова
Оқиғаға қатысты күмән көп екенін айтқан туыстары сәбилердің мәйітін тапсырған кезде медициналық ұйым ешқандай ресми құжат бермегенін алға тартты. Сорақысы сол, шетінеп кеткен нәрестелерді жерлеп келген соң, перзентханаға қайта барып, үшінші сәбидің жағдайын сұрағанда, күтпеген хабар алған.
«Баламның жағдайын білейін» деп педиатрға хабарласқан. Дәрігер «сен қай балаңа келіп тұрсың, үш балаң да таңертең өліп қалған» депті. Жиенім «неге бірден айтпайсыңдар, неге жасырасыңдар?» деп ашуланған», – деді А. Оразбаеваның қайын әпкесі Жазира Төлешова.
«Бізде күмән бар. Ол біздің балалар ма? Әлде бақса балаларды бізге берді ме? Матаға орап, қорапқа салып, қолымызға бере салды. Ешқандай құжат жоқ, криминалистердің қорытындысы жоқ», – деді А. Оразбаеваның қайын ағасы Ержан Екейбаев.
Ал Қарасай аудандық ауруханасының мәліметінше, пациент жүктіліктің 25-аптасында толғағы басталып, қағанақ суы кеткен күйде жеткізілген. Осыған байланысты оны басқа медициналық ұйымға ауыстыру мүмкін болмапты. Сондықтан әйел мен нәрестелердің өміріне қауіп жоғары болғандықтан, шұғыл түрде босандыру туралы шешім қабылданған.
«Жүктіліктің 25 аптасында үшеммен босану аса ауыр, шұғыл медициналық көмекті талап ететін жағдай. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Сағат 07:00-де нәрестелер дүниеге келді, салмағы өте аз болды. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Қазір көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр», – деді «Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК баспасөз қызметі.
Оқиғадан кейін марқұм болған нәрестелердің туыстары құқық қорғау органдарына арыз жазған. Олар сәбилердің өліміне қатысты жан-жақты әрі тәуелсіз тексеріс жүргізіліп, кінәлілер заң алдында жауап беруін талап етеді. Қазіргі уақытта отбасы үшінші нәрестенің денесін әлі алмаған.
Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: «Атырау-Ақтөбе» пойызында жолаушы көз жұмды