Алматы облысында ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторын даярлау курсы аяқталды

Оқу курсы 40 күнге созылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторын даярлау курсы аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Заманауи дронды тізгіндеген әскери қызметшілер кедергілер жолағынан өтіп, практикалық тапсырмаларды орындады. Оқу қорытындысы бойынша оларға арнайы куәлік табысталды. Енді түлектер бөлімдерінде осындай мамандарды да даярлай алады,

Дронды әуеге көтеру – оператор жұмысының бір бөлігі ғана. Алдымен техниканың жарамдылығын тексеріп, құрал-жабдықты дайындау, ұшу бағытын белгілеу және тапсырма орындалатын аумақты барлау қажет. «Әли» оқу полигонында түлектер кедергілер жолағынан өтіп, тапсырманы орындау барысындағы кедергілерді еңсеріп, дрон басқару машығын шыңдады.

«4 апталық дайындық ішінде теориялық дайындықтар біріншіден, екіншіден симмуляторда компьютер алдында отырып дағдыларды жетілдірдік және ең соңғы кезең - экзамен. Осы далалық жерлерде дронды ұшырып практикалық баға алып жатырмыз», – деді әскери қызметші Елдос Мазғұтов.

Оқу курсы 40 күнге созылған. Осы уақыт ішінде әскери қызметшілер ұшқышсыз ұшу аппараттарының құрылымын, оларды пайдалану және техникалық қызмет көрсету тәртібін меңгерді. Бағдарламаның бір бөлігі әуеден барлау жүргізуге, арнайы тапсырмаларды дронмен және түрлі жағдайда жұмыс істеуге арналды. Сабақ барысында Құрлық әскерлеріне беріліп жатқан отандық өнімдер мен ұшқышсыз техниканың заманауи үлгілері де таныстырылды.

«Қазіргі таңда әскери мектеп базасында 2026 жылдың 29 маусымынан бастап, осы уақытқа дейін әскери мектепте 33 ұшқышсыз ұшу аппараттары маманы курстан өтті. Оқу кезеңінде мамандар FPV дрондарын қолдануды үйренді», – деді Ұшқышсыз авиациялық жүйелер мамандарын даярлау әскери мектебінің бастығы Данияр Ділдәбаев.

Аталған курсты аяқтаған 30 әскери қызметшіге арнайы куәлік табысталды. Алайда олардың дайындығы мұнымен аяқталмайды. Қызмет орнына оралған түлектер алған білімін өзге әскери қызметшілерге үйретеді. Осылайша, оператор даярлау ісі әскери бөлімдерде жалғасады. Мектеп басшылығы бұл тәсіл Құрлық әскерлерінің жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береетінін айтты.

Айжан Дайрабай, Владислав Иващенко, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Қалдық өткізіп, балл жинаңыз: Алматыда жаңа платформа іске қосылды