Келешек мектебі: Алматы облысында заманауи білім ордасы алғашқы шәкірттерін қабылдады

01.09.2026 18:51

Өңірде биыл 365 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады

Ал Алматы облысында жаңа оқу жылы қарсаңында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 заманауи мектеп ашылды. Соның бірі – Іле ауданына қарасты Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылында бой көтерген 900 орындық нысан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысында биыл 365 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. Соның 36 мыңға жуығы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім жолына қадам басты. Ал Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылының балалары үшін биылғы Білім күнінің орны бөлек. Өйткені елдімекенде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 900 орындық заманауи оқу ордасы алғашқы шәкірттерін қабылдады. Мерекелік іс-шарада білім ұясының салтанатты лентасын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қиып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

«Облыста 5 мектеп қолданысқа берілді. Кейін 10 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жалпы 35 770 бала бірінші сыныпқа барды. 15 мыңдай бала мектепті аяқтап шықса, 2 есе көп оқушы бірінші сыныпқа қабылданды», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Нұрғиса Тілендиев ауылындағы «Келешек» мектебінің жалпы аумағы – 10 мың шаршы метр. 44 сыныпқа шақталған білім ордасы заманауи оқу талаптарына сай жабдықталған. Мұнда шәкірттердің сапалы білім алып, шығармашылық және спорттық бағытта дамуына қажетті жағдай жасалған. Биыл жаңа оқу ордасына 1 230 оқушы қабылдады. Оларға 90 мұғалім білім береді.

«Мектептің ішін толықтай көріп шықтым. Барлығы қатты ұнады және де өзіміздің отыратын кабинетіміз де, мұғалімдер де жылы қарсы алып алды. «Келешек мектебінде» химия және биология кабинеттерінде неше түрлі эксперименттер. Информатика пәнінен көптеген компьютерлермен жұмыс бұйырса жасаймыз деген үміттеміз», – деді оқушы Кәусар Қуанбай.

«Мектеп өте керемет, жақсы салынған! Оқушыға да, ұстаздарға да жағдай жасалған! Ерінбей еңбек етуіне тілектеспін!» – деді Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғыны Рахметолла Қорғасбек.

Айта кетейік, соңғы төрт жылда Алматы облысында 75 жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілген. Соның ішінде 26 білім ордасы  «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салыныпты.

Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы

Толық көрсету