Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақтың бөлшектері табылды

30.07.2025 14:19

Бортта үш экипаж мүшесі болған

Almaty.tv

Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасы маңында жоғалып кеткен әскери тікұшақтың бөлшектері табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақпаратты Қорғаныс министрлігі растап отыр. Әскери тікұшақ пен оның экипаж мүшелерін іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатқанын еске саламыз. Штабқа барған Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов «мамандарды тауып, олардың туыстарына қолдау көрсету – басты міндет» екенін айтты. Ведомство басшысы іздестіру жұмыстарының барысымен танысып, жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездескен. Министр оларға қолдау білдіріп, операция тәулік бойы жалғасатынын, барлық ресурстың жұмылдырылғанын және әскерилердің жолдастарын табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді.

Айта кетейін, 25 шілдеде Алматы облысында EC-145 әскери ұшағы радардан жоғалып кеткен еді. Бортта үш экипаж мүшесі болған.