Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Алматы облысында жарты ай бұрын жоғалып кеткен әскери тікұшақтың сынықтары мен бір адамның мәйіті табылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Белгілі болғандай, оқиға орын алған алғашқы сағаттардан бастап Қорғаныс министрлігінің басшылығымен тәулік бойы барлық қажетті күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр.
«Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ІІМ және басқа да ведомстволардың бірлескен жұмысы аясында, ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің қолдауымен спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулер жүргізілді.
Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді. Су астындағы жұмыстар барысында ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдікте әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады. Қазіргі уақытта сәйкестендіру процедурасы жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбалардың болуына байланысты күрделене түсуде, бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын айтарлықтай баяулатады. Қиын жағдайға қарамастан, жұмылдырылған барлық күштер операцияны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін үйлесімді әрі мақсатты түрде әрекет етуде.
Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен болатын.
Бір күннен кейін жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылғаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында жоғалған әскери тікұшақтың сынықтары табылды