Өркениеттен өгейлік көріп отырғандар арасында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар
Алматы облысы Іле ауданының тұрғындары бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Жылда жауыр болған мәселе ауылдағы ағайынды биыл да тығырыққа тіреген. Себебі жергілікті жұрттың жартысының электр қуатына берешегі бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеш батса, қара түнек басып, тіршіліктен теперіш көру - Самал саяжайы тұрғындарына таңсық емес. Электр қуаты өшкен соң ауыл халқы ауыз судан да, көгілдір отыннан да қағылады. Бірнеше күннен бері жарықсыз отырған жұрт бұл жағдайға саяжай бірлестігінің төрағасын кінәлап отыр. Айтуынша, ауылдың жартысынан көбі электр қуаты үшін қажетті қаражатты төлеген. Алайда төлемнен жалтарған тұрғындардың кесірінен бүтін ауыл электр қуатынсыз қалған.
Төрағаның міндеті – әр үйді жағалап, есеп құрылғысын тексеріп, берешек болса, қису. Ондай жұмыс атқарып жатқан жоқ. Бұл жерде ақша жинап жүрген арамыздағы адамдар. Ай сайынғы есебін беріп отырғандар да солар. Квитанциялары заңға сай бар», – деді ауыл тұрғыны Ержан Жүсіпов.
Өркениеттен өгейлік көріп отырғандар арасында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Соның бірі – Эльмира Әбдісәлиева. Ол 5 жастағы немересінің денсаулығына алаңдайды. Айтуынша, бүлдіршіннің денесі күніне бірнеше рет құрысып қалады. Ал ем-домға қажетті құрылғы электр тоғымен жұмыс істейді. Тіпті жарықтың жоғынан байланыс та үзіліп, жедел жәрдем шақыру мүмкін болмай отыр.
«Немеремнің мүмкіндігі шектеулі. Күніне 4-5 рет судорги ұстап қалады. Мен жүгіріп дәрісіне, суына баруым керек. Электр жарығы керек. Ай сайын төлеп отырмын. Неге қараңғыда отыруым керек? Мен немереме күні-түні жүгіруім керек, оны ешқайда алып шыға алмаймын», – деді ауыл тұрғыны Эльмира Әбдісәлиева.
Көріп тұрғандарыңыздай, жарық жоқ, табиғи газ жанбайды, ауыз су тапшы. Тұрғындар бірнеше күннен бері жуынып-шайынуға зар болып отыр. Шәй қайнатып, ас дайындау тіпті мүмкін емес. Электр қуатының жоқтығы бүтін ауылдың тіршілігін тоқтатқан.
Халықты жарықтан қағып, зар қақсатты деген саяжай бірлестігінің төрағасы өзіне жиналған қаражат дер кезінде төленіп отырғанын айтады. Қазір жалпы қарыз сомасы 2,5 миллион теңгеге таяған. Сөзінше, әр үйді жеке аралып, қаржыны өндіріп алуға маман жетіспейді. Сондықтан берешегі бар тұрғындар үшін бүкіл ауылдың жарығы өшірілген.
«Биыл алты рет есеп бердім. Соған қарамастан, «есеп берілген жоқ» деп айтылып жатыр. Негізінде, атқарылған жұмыстар бойынша бәрі уақытында өткізілді. Ай сайын жиналатын қаражат толық есепке алынады. Есепші маман тарапынан да тұрақты түрде жиналған қаржы көлемі, оның электр энергиясына, жалақыға және банкке аударылған бөлігі көрсетіледі», – деді саяжай бірлестігінің төрағасы Светлана Башлыкова.
Жарықсыз қалған бұқара базынасынан жергілікті билік те хабардар болып шықты. Саяжайға келген шендіге халық талабын айтып, жылдар бойы төлеген түбіртектерін көрсетті. Ал ауыл әкімі мәселені жақын арада шешіп беруге тарысатынын мәлімдеді.
«Самал» саяжайында светтің өшкені туралы хабардармыз. Өткен сәрсенбі күннен бастап өшіп тұр. Қазіргі таңда Қарасай аудандық электр жарығы бөліміне 2 млн 600 теңге қарызы бар деп өшіріп кеткен. Бүгін халықпен кездесіп, жартысы төленгені жайлы айтып отыр. Қазір Қарасай ауданы Энергосбытқа барып, олармен сөйлесіп, свет қосу үшін сөйлесеміз», – деді Ақсай ауылдық округінің әкімі Бақыт Төреев.
Айта кетейік, Іле ауданында 80-ге жуық саяжай бірлестігі бар. Бүгінде олар кезең-кезеңімен ауыл мәртебесін алып жатыр. Ал «Самал» саяжайын келесі жылы Екпінді ауылына қосу жоспарланып отыр.
Олжас Омарбек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы зейнет жасы: 2026 жылғы жағдай