Мамандар бұл дерттерді жеке-жеке емес, өзара тығыз байланысты көпжүйелі мәселе ретінде қарастыру қажет екенін айтты
Алматыда метаболикалық денсаулық мәселесіне арналған ауқымды ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ұлттық метаболикалық код 2026» алаңында кардиология, эндокринология, гастроэнтерология, нефрология және сабақтас салалардағы жетекші мамандар бас қосты. Алқалы жиында метаболикалық синдром, семіздік, 2 типті қант диабеті мен артериялық гипертензияның ағзаға әсері жан-жақты талқыланды. Мамандар бұл дерттерді жеке-жеке емес, өзара тығыз байланысты көпжүйелі мәселе ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
«Конференцияның ең басты мақсаты – заманауи клиникалық тәсілдерді енгізу. Метаболикалық синдром – XXI ғасырдың ең өзекті медициналық және әлеуметтік мәселелерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, шамамен ересектердің арасында 25-30% осы синдромның белгілері байқалады», – деді ұйымдастырушы Балжан Нұғманова.
Метаболикалық бұзылыстар тек ересектерге тән мәселе емес. Мамандардың айтуынша, жастар арасында да жиі анықталып жатыр. Сондықтан жиналғандар дертті болдырмау, ерте анықтау және науқастарды кешенді бақылауға алудың маңызына ерекше тоқталды.
«Дәрігерлер ең алдымен қандай препараттар шынымен қажет екенін аса мұқият айқындап, дәрі-дәрмек санын барынша азайтуға ұмтылуы керек. Себебі қабылданатын препараттар саны артқан сайын, емге деген пациенттің бейімділігі төмендейді. Сондықтан осы мәселелерді талқылауда конференцияның өзектілігі айрықша жоғары», – деді Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы Елена Гиоргадзе.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы зейнет жасы: 2026 жылғы жағдай