Алматы өзендеріндегі жағдай тұрақты, қауіп жоқ - ТЖД

02.07.2026 20:49

Бекеттерде жеке құрам жағдайды қадағалап тұр

«Алматы арқылы сел қаупі жоғары төрт өзен ағады». Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, қауіпті аймақтар қатарына Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы мен Қарғалы өзендері кіреді. Дегенмен, соңғы күндері жауған нөсерге қарамастан, ондағы гидрологиялық ахуал тұрақты. Су деңгейі ең көбі 60 сантиметрге дейін көтерілген. Қазір жағдай толық бақылауда. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерде 150-ге жуық құтқарушы мен 38 бірлік арнайы техника тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы Іле Алатауының баурайында орналасқандықтан, сел қаупі жоғары өңірлердің бірі саналады. Шаһар маңында 45 көл орналасса, қала аумағы арқылы 22 өзен ағып өтеді. Оның ішінде Ақсай, Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Қарғалы өзендері сел жүру қаупі жоғары өзендер санатына кіреді. Сондықтан таулы аймақтағы гидрологиялық ахуал тәулік бойы жіті бақылауда. Мамандардың айтуынша, соңғы күндері жауын-шашынға қарамастан өзендердегі су деңгейі қалыпты шектен аспаған.

«Қазір су деңгейі түсіп келе жатыр. Толық бақылауда ұстап отырмыз. Дегенмен бақылауды жалғастырамыз. Жалпы Алматы қаласы бойынша биік таулы аймақтарда 40-тан астам көл бар. Олардың барлығы бірдей жарылып кету қаупі бар деген сөз емес. Ірі және қауіп төндіретін көлдер бойынша жұмыстар шілде айының бірінші он күндігінде басталады», – «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Тоқтасын.

Ал Наурызбай ауданындағы ұзындығы 70 шақырымға созылатын Ақсай өзенінде бүгін су деңгейі 60 сантиметрге төмендеген. Қазір онда 147 құтқарушы мен 38 бірлік арнайы техника жұмыс істеп, арнаны ірі тастар мен басқа да кедергілерден тазартуда. Бұл су ағысының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар 11 жедел штаб құрылып, әрбір учаскедегі ахуал тәулік бойы бақылауға алынған.

«Судың деңгейі кеше шамамен 50-60 сантиметрге жоғары болған. Қазіргі таңда өз қалпына келді. 11 бекет қойғанбыз, сол бекеттерде жеке құрам жағдайды қадағалап тұр», – ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары Асқар Жаманқұлов.

«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, алдағы үш тәулікте Алматыда күн құбылмалы болып, жаңбыр жауады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға таулы аймақтарға бармауға кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Астанада Ұлттық спорт университетінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді