Ашылу салтанатына еліміздің танымал спорт саңлақтары қатысты
Бүгін Астанада Орталық Азияда теңдесі жоқ Ұлттық спорт университетінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа оқу орнында спорт психологтары, спорт дәрігерлері, сондай-ақ спорттағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағыттары бойынша мамандар даярланатын болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ғимараттың ашылу салтанатына еліміздің танымал спорт саңлақтары қатысты. Олардың қатарында әлемге әйгілі боксшы Геннадий Головкин, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және басқа да спортшылар бар. Сондай-ақ іс-шараға Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, университет ұжымын құттықтады.
«Бүгін расында спорттағы тарихи оқиға. Алғаш рет Қазақстанда спортқа арналған университет ашылып отыр. Заманауи кампустар мен барлық спорттық нысандар қарастырылған. Сондықтан студенттер үшін үлкен мүмкіндік», – Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Негізінен бұл оқу орны осыдан төрт жыл бұрын жұмысын бастаған. Осы уақыт ішінде университет халықаралық деңгейде танылып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізген.
«Қазіргі таңда 13-тен астам білім беру бағдарламасы бар. Олардың қатарында Орталық Азияда алғаш рет енгізілген e-sport – киберспорт бағдарламасы, ұлттық спорт түрлері бойынша педагог-тренерлер даярлау, спорттық менеджмент, спорттық реабилитация, спорттық психология және спорттағы IT-аналитика бағыттары бар. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша да бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр», – Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева.
Университетте студенттерге заманауи жағдай жасалған. Мұнда спорттық жаттығу процесін нақты уақыт режимінде бақылап, деректер беретін технологиялар да енгізілген. Бұл жаттықтырушылар мен төрешілердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Біз өте қуаныштымыз, осындай үлкен ғимаратта оқып жатқанымызға. Қазіргі таңда көптеген жаңа мамандықтар қосылып жатыр, соның ішінде киберспорт та бар. Университетте көптеген түлектер бар», – Қазақ ұлттық спорт университетінің студенті Нұрасыл Қалмаханов.
Айта кетейік, бүгінде университетте 2500-ден астам студент білім алады. Биыл алғашқы түлектер оқуын тәмамдайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда есірткіге қарсы күрес күшейтілді - ІІМ