Алматы - Шанхай: бизнес форум мерекелік концертке ұласты

Аспан асты елінен келген меймандар «Япурай» концертін тамашалады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы мен Шанхай арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға бағытталған кешегі бизнес форум мерекелік концертке ұласты. Аспан асты елінен келген меймандарға арналған «Япурай» концерті Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

Сахнаның шымылдығы Әйгерім Қарсақбаеваның орындауындағы қыл-қобыздың сазды үнімен түрілді. Өнер иелерінің театрландырылған қойылымын тамашалауға  Шанхай мэрімен қоса, қала басшысы Дархан Сатыбалды да келді. Шығармашылық ұжым өкілдерінің сөзінше, бұл кеш қазақ халқының қонақжайлылығымен қатар, ұлтымыздың бай классикалық қорын танытуға бағытталған.

«Біздің бүгінгі концертте 60-тан аса оркестрде музыканттар отыр және 60-тан аса хор коллективі отыр. 14 солист қатысты, ауқымды, күрделі, орнаментальды-классикалық концерт болд», - деді Абай атындағы ҚазҰОБТ опера труппасының көркемдік жетекшісі Болатбек Бөкенов.

Мерекелік кешті Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан айтыс, «Самалтау», «Балапан қаз», «Айттым сәлем, Қаламқас», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» сынды маржандай туындылары жандандыра түсті. Одан бөлек «Абай» операсынан алынған Абайдың ариясы мен «Қыз Жібек» шығармасының кейіпкері Шегенің термесі қойылымға тұздық болды. Сонымен қатар театр хоры Алматыға іскерлік сапармен табан тіреген өкілдердің құрметіне орай қытай сазгері Си Син Хайдың авторлығымен жазылған «Хуанхэ өзені туралы кантатаны» орындады.

Айта кетейік, мерекелік кеште қыл-қобыз, скрипка, контрабас, арфа сынды аспаптардың сүйемелдеуімен барлық туынды тек жанды дауыста шырқалды.

«Бүгін киелі шаңырақта, сахнада А.Жұбановтың «Қарлығашын» орындаймын. Театрдың визиткасына айналған. Бүгінгі концерт әдемі қазақтың халық әндерінен құралған. Сондай бір  әдемі, терең бояуға бай шығармалар орындалады», - деді Абай Атындағы ҚазҰОБТ опера труппасының жетекші Солисі Венера Алпысбаева.

Концерт соңында қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Шанхай қаласының мэрі Гун Чжэн сахнада өнер көрсеткен әртістерге тік тұрып қошемет білдірді.

Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: 

Новости партнеров