Almaty TV телеарнасының «Архитектор» ақпараттық-танымдық бағдарламасы Алматы археологиясына, тарихы мен ежелгі мәдениетіне арналған жаңа шығарылымын ұсынады.
Орта ғасырлар дәуірінің өзінде бұл жерде қирандыларын XIII ғасырда-ақ еуропалық және азиялық саяхатшылар көзімен көрген Алмалық пен Алмату сияқты көне қалалар болған. Бұған бүгінде сирек кездесетін күміс теңгелер мен археологиялық жәдігерлер дәлел бола алады. Олар қазіргі Алматының ұлы дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығының шынайы куәсі екенін көрсетсе керек.
Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алтын Уалтаеваның айтуынша, Алматы аумағы мен оған іргелес өңір өзінің қолайлы географиялық орнының арқасында ешқашан қатардағы көп аймақтың бірі болған емес. Жеті өзені бар Жетісу отырықшы өмір салтын жүргізуге мүмкіндік берсе, бай таулы бөктерлер көшпелі мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болған. Ұлы Жібек жолынан әлдеқайда бұрын бұл жермен керуен жолдары, соның ішінде Ұлы қалайы және Ұлы мыс жолдары өткен.
«Жетісу өңірі – белгілі бір өркениеттің жай ғана бөлігі емес, көптеген мәдениет тоғысқан тұста орналасқан дербес өркениет», – деп атап өтті ол.
Бағдарлама шығарылымында мәдени мұра мен жаңа музей жобаларына да ерекше назар аударылды. Алматы – еліміздің мәдени орталығы. Мұнда 158 мәдени нысан мен 160 тарихи-мәдени ескерткіш жұмыс істейді.
«Тамыры орта ғасырлардан бастау алатын мыңжылдық тарихы бар көне қала ретінде Алматы ұдайы жаңа археологиялық жаңалықтар сыйлап келеді, дегенмен зерттелмеген тұстары да әлі де көп. Қазіргі ауқымды жобалардың бірі - Райымбек батыр кесенесі кешенін жаңарту. Ол жуырда Қала күніне орай жаңа форматта ашылады», – деді қалалық Мәдениет басқармасының өкілі Ләззат Мырзабекова.
Бағдарламада Қазақстанның ЮНЕСКО халықаралық ұйымымен мемлекеттік деңгейде, ғылыми институттар мен қауымдастырылған мектептер желісі аясында белсенді әрі жемісті жұмыс жүргізіп отырғаны атап көрсетіледі.
«Сақ мәдениеті – мәдени мұрамыздың басты визиттік карталарының бірі. Бұл ескерткіштердің кеңістік композициясының маңызы зор: олар ата-бабаларымыз өмір сүрген әмбебап заңдылықтарды және олардың табиғатпен үндестігін қалай білдіргенін түсінуге көмектеседі», – деп атап өтті Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі Михребану Глаудинова.
Осы ынтымақтастықтың арқасында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының беделді тізіміне қазірдің өзінде еліміздің жеті нысаны енді. Олардың қатарында әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Ұлы Жібек жолының ежелгі қалашықтары бар.
Мамандардың пікірінше, мегаполистегі музей ісі өңір тарихын кеңінен насихаттауда маңызды рөл атқарады. Алматы музейлер бірлестігінің қорында 66 000-нан астам экспонат бар және ол жаңа археологиялық жаңалықтар есебінен тұрақты түрде толықтырылып отырады.
«Алматының қала ретінде Орта ғасырлар дәуірінде қалыптасқаны ғылыми түрде дәлелденген. 1979 жылы табылған 1287 жылғы күміс тиындар - XIII ғасырдың өзінде қазіргі Алматының орнында теңге сарайы жұмыс істегенінің дәлелі. Монеталарда «Балад Алмату» деген сөз бар, ондағы «балад» сөзі «қала» деп аударылады», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы.
Шығарылымда мегаполис музейлерінің келушілермен және қала қонақтарымен белсенді жұмыс істейтіні атап өтіледі. Олар жетекші археологтар мен тарихшылардың қатысуымен тегін дәрістер ұйымдастырады. Туристер ағынының артуы мәдени инфрақұрылымды одан ары дамытуды, жаңа интерактивті форматтарды енгізуді және әр адамға өңірдің бай әрі көпғасырлық тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін жайлы жағдай жасауды талап етеді.
«Архитектор» бағдарламасы оңтүстік астананың қызықты жылнамасымен көрермендерді таныстыруды жалғастырып келеді. Бағдарлама қазіргі мегаполисті оның терең тарихи тамырынсыз елестету мүмкін еместігін көрсетеді. Жобаның әр жаңа шығарылымында туристік бағыттар туралы біліп қана қоймай, ежелгі сақ қорғандары мен Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қалашықтарынан бастап, бүгінгі инновациялық музей кеңістіктеріне дейінгі ғасырлар қойнауына шынайы саяхат жасауға да болады.
Оқи отырыңыз: Таза ауа: Алматы билігі қандай экологиялық шараларды қолға алып жатыр