Таза ауа: Алматы билігі қандай экологиялық шараларды қолға алып жатыр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жаңа ережелер зиянды шығарындыны азайтып, қала ауасын тазартып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда айрықша өзекті саналатын ауа ластануы мәселесін шешуге бағытталған жүйелі шаралар қабылдау жалғасып келеді. Almaty TV телеарнасы «Архитектор» ақпараттық-ағартушылық бағдарламасының дәл осы тақырықа арналған жаңа шығарылымында сарапшылар мегаполис үшін төмен шығарындылар аймағының (LEZ) неліктен қажет екенін, олардың қалай жұмыс істейтінін және бұл жобаны енгізу тек экология мәселесі ғана емес, миллиондаған тұрғынның денсаулығына да тікелей қатысты екенін жан-жақты түсіндіреді.

Биылғы наурыз айынан бастап Алматыда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидалары күшіне енді, ал сәуір айының соңында Low Emission Zone пилоттық жобасы іске қосылды. Қазіргі уақытта жоба Желтоқсан, Бөгенбай батыр көшелері мен Абай және Достық даңғылдарының аралығындағы аумақты қамтиды. 2027 жылға дейін жоба сынақ режимінде жүзеге асырылады ­– оы уақыт ішінде мамандар қалалық инфрақұрылымның дайындығын бағалап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізеді.

Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, LEZ аймақтарының енгізілуі Алматыда ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан ауқымды жұмыстың заңды жалғасы болды.

«Алғашқы кезеңде негізгі міндет атмосфераның ластану деңгейін төмендетуге бағытталған кешенді әрі жүйелі шараларды жүзеге асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру болды. Құжаттағы деректерге сәйкес, атмосфералық ауаның негізгі ластаушы көзі – автокөлік. Оның үлесіне жалпы шығарындылар көлемінің 60%-ына дейінгі бөлігі тиесілі болып отыр», – деді Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, заң шығару саласының сарапшысы Ерлан Бұзырбаев.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама автокөліктерді пайдалануға толықтай тыйым салуды көздемейді. Жобаның негізгі мақсаты – ең зиянды шығарындылардың көлемін азайтып, экологиялық талаптарға сай келетін көліктерді пайдалануды ынталандыру. Әлемдік тәжірибеде мұндай аймақтар өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген және бүгінде Лондон, Париж, Бейжің, Сеул сияқты 300-ден астам ірі қалада жұмыс істейді.

Сонымен қатар шектеулер кезең-кезеңімен енгізіледі. Жүйе ресми түрде іске қосылғанға дейін автокөлік иелері алдын ала экологиялық диагностикадан өтіп, көліктерінің белгіленген экологиялық талаптарға сәйкестігін тексере алады.

«Бекітілген қағидаларға сәйкес, 2027 жылдың басынан бастап төмен шығарындылар аймағына тек белгіленген экологиялық талаптарға сай келетінін растаған автокөліктерге ғана кіруге рұқсат беріледі. Оған дейін жоба пилоттық режимде жүзеге асырылады. Бұл жерде жаңа экологиялық шектеулер енгізіліп жатыр деген түсінік болмауы керек. Көлік құралдарының экологиялық талаптарға сәйкестігіне қатысты талаптар бұрыннан бар, ал LEZ жобасы сол талаптардың орындалуын тиімдірек бақылауға мүмкіндік береді», – деді «Eco Almaty» ЖШС бас директорының орынбасары Айдана Бекболатқызы.

Жоба әзірлеушілері жаңа жүйенің ашықтығына ерекше мән беріп отыр. Экологиялық диагностиканы тек арнайы жабдықпен қамтамасыз етілген және аккредиттелген техникалық байқау станциялары ғана жүргізе алады. Барлық тексеру нәтижелері ешқандай қолмен енгізусіз автоматты түрде ақпараттық жүйеге жіберіледі. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Талаптардың сақталуын бақылау толықтай цифрлық форматта жүзеге асырылады. LEZ аймағына кіреберістерге жол белгілері мен бейнебақылау камералары орнатылады. Көліктер мемлекеттік тіркеу нөмірлері арқылы автоматты түрде анықталады, ал жүргізушілер төмен шығарындылар аймағына кірген кезде SMS-хабарлама алады.

Экологтар жобаның басты мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, мегаполис атмосферасына күн сайын бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайту екенін атап өтті.

«Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, егер экологиялық санаты Euro-5-тен төмен автокөліктер мүлде болмаса, азот диоксидімен ластану деңгейі шамамен 70%-ға, ал PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектерінің концентрациясы шамамен 60%-ға төмендер еді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, төмен шығарындылар аймағы енгізілген соң бірқатар елде ауаның ластану деңгейі 35%-ға дейін азайған. Алайда жобаның табысты болуы, ең алдымен, тұрғындардың оның мақсатын дұрыс түсінуіне байланысты. Егер адамдар LEZ жобасын тек кезекті айыппұл салу тетігі ретінде қабылдайтын болса, онда тиісті нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмайды», – деді Almaty Air Initiative қорының жетекшісі Жұлдыз Сәулебекова.

Мамандар мәліметінше, Алматы атмосферасына жыл сайын шамамен 189 мың тонна ластаушы зат шығарылады. Оның 60%-ға жуығы автокөлікке тиесілі. Сондықтан көлік шығарындыларын азайту ауа сапасын жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Бағдарлама авторлары LEZ жүйесін енгізу қаланың кешенді экологиялық саясатының бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Сонымен қатар Алматы қоғамдық көлікті дамытып, автотұрақтардың «ұстап қалу» желісін кеңейтіп, сондай-ақ автопаркті жаңарту бағдарламаларын қарастырып, ескі көлік иелерін экологиялық тұрғыдан қауіпсіз көліктерге көшуге ынталандыру шараларын жүзеге асырып жатыр.

«Архитектор» бағдарламасының жаңа шығарылымында әлемдік тәжірибенің Алматы жағдайына қалай бейімделіп жатқаны, экологиялық диагностиканың автокөлікті пайдаланудың маңызды бөлігіне қалай айналатыны және алдағы жылдары мегаполис ауасын тазартуға ықпал ететін өзгерістер туралы жан-жақты баяндалады.

Оқи отырыңыз: Алматының туристік келбеті: Almaty TV арнасындағы «Архитектор» бағдарламасының жаңа шығарылымы