Табиғат аясындағы өнер ордасы: Алматыда «Almaty Studios» студиясы ашылды

Бұл - жас музыканттар, бишілер, режиссерлер мен өнер адамдарының басын қосатын жаңа кеңістік 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Байғали Серкебаев жас таланттарға арналған шығармашылық орталық ашты. «Almaty Studios» – жас музыканттар, бишілер, режиссерлер мен өнер адамдарының басын қосатын жаңа кеңістік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда таланттар білім алып, дайындық жасап, музыка жазып, өз туындыларын көпшілікке ұсына алады. Шығармашылық орталық шаһардың тау бөктерінде, өзен жағасында, табиғат аясында орналасқан. Мұнда музыкалық студия, түсірілім павильоны, конференция алаңы және 100 көрерменге арналған шағын концерт залы бар. Композитор бұл жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт кеткенін атап өтті. Студияның ашылу салтанатына арнайы қонақтар келіп, ізгі тілектерін білдірді.

Жиында сөз алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Байғали Серкебаев жаңа орталықтың мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.

"Ең басты ерекшелік – дыбыс жазу студиясы. Ол әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Акустикалық талаптардың барлығы ескеріліп, дыбыс жазуға арналған кәсіби бөлмелер салынған. Мұнда дыбыс режиссерінің бөлмесі, вокал мен барабан жазатын арнайы студиялар бар. Сондай-ақ үлкен залда хор, оркестр, музыкалық топтар мен өзге де ұжымдардың орындауын жазуға болады. Жалпы, бұл – шығармашылық адамдар бас қосып, өз қабілеттерін шыңдайтын, жаңа туындыларын дүниеге әкеле алатын орталық, – деді Байғали Серкебаев.

Мерекелік шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева да өз әсерімен бөлісіп, бұл бастаманың мәдени өмірдегі маңызын атап өтті.

"Меніңше, бұл – Қазақстан мәдениетіне қосылған үлкен үлес. Мұнда жас таланттар да, өнер майталмандары да бас қосады. Әншілер мен түрлі музыкалық топтар кәсіби студияда ән жаздырып, шағын концерт те өткізе алады. Сондай-ақ танымал музыканттардың дәрістерін тыңдап, шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік бар", – деді Жәмилә Серкебаева.

Оқи отырыңыз: Алматы музейінде альпинизм тарихына арналған көрме ашылды