Almaty SuperSki аумағында жеке коттедждер салынбайды

16.11.2026 22:00

Зерттеу нәтижелерін талқылауға мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдері де қатысқан

Almaty SuperSki тау-шаңғы курортының аумағында жеке коттедж үйлер салынбайды. Сонымен қатар, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен тарихи-мәдени ескерткіштер ерекше қорғауға алынады. Мұндай шешім алты бағыт бойынша жүргізілген кешенді ғылыми зерттеулердің нәтижесінде қабылданған, деп хабарлайды Almaty TV.

Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымдары курорт аумағын алты бағыт бойынша зерделеген. Мамандар табиғи ортаның жай-күйін, су ресурстарын, мұздықтарды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, топырақ жамылғысын және тарихи-мәдени мұраларды зерттеген. Жоба жетекшілерінің айтуынша, зерттеу нәтижелері оның экологиялық талаптарға сәйкестігін көрсеткен.

Тұрғындарды алаңдатқан негізгі мәселелердің бірі – су ресурстары. Осыған байланысты гидрогеологтар жасанды қар жүйесін сумен қамтамасыз ету үшін жерүсті және жерасты суларын қатар пайдалануды ұсынған.

«Жасанды қар жүйесі үшін көлемді су керек болады. Сондықтан халық сол суды қайдан аласыңдар деп сұрады. Қазгидрогеология институты зерттеу жүргізіп, екі шешім ұсынды. Біріншісі – таулардан ағатын өзендердің жерүсті сулары, екіншісі – жерасты сулары. Зерттеу нәтижесі бойынша, жерүсті өзендері суының 14-15 пайызы бізге жеткілікті. Сондықтан қаланың су жүйесіне де, курорттың жұмысына да кері әсер болмайды», – деді «Kazakh Tourism Development» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Жануарлар дүниесін зерттеген мамандар қар барысы мен Сібір тау ешкісінің негізгі мекендеу орындары құрылыс аймағынан тыс орналасқанын анықтаған. Зоологтар жабайы жануарларды қорғау үшін тыныштық аймақтарын сақтау, орман алқаптарын қалпына келтіру және қоректік базасын жақсарту қажет екенін айтады.

Ботаниктер аумақта өсімдік жамылғысының тапталуы, топырақтың тығыздалуы және тұрақты соқпақтардың қалыптасуы сияқты өзгерістерді тіркеген. Сондай-ақ, зерттеу барысында Қызыл кітапқа енген алты өсімдік түрі анықталған. Олардың қатарында Сиверс алмасы да бар.

«Almaty SuperSki жобасының аумағында атақты Сиверс алмасының 15-ке жуық дарасы өсетіні анықталды. Әр ағаштың координаталары белгіленіп, жобаның операторына берілді. Қазір Almaty SuperSki жобасы мен Ұлттық парк қызметкерлері әрбір ағашты қорғауға алған», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Ахтаева.

Зерттеу нәтижелерін талқылауға мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдері де қатысқан. Олардың айтуынша, тұрғындарды алаңдатқан мәселелер ескеріліп, жобаға қатысты ұсыныстар ғылыми тұрғыда зерделенген. Соның нәтижесінде курорт аумағында жеке коттедж үйлер салуға жол берілмейтіні мәлімделді. Бұдан бөлек, құрылыс кезінде бетон қолданылмайтыны, ал кесілген әр ағаштың орнына жаңасы отырғызылатыны айтылды.

«Көк-Жайлауда құрылыс кезінде бетон жұмыстары жүргізілмейді. Барлығы экологиялық стандарттарға сай жүзеге асырылады. Биоалуантүрлілік пен өсімдіктерге зиян келтірмеу үшін қадалар да қолданылмайды. Ең бастысы, Almaty SuperSki аумағында жеке коттедж үйлер болмайды. Бұл өте маңызды. Бұрын салынған кейбір шаңғы курорттарында коттедждер бой көтеріп, жекелеген адамдардың жеке үйлеріне айналған еді. Мұндай жағдай бұл жобада болмайды», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Айта кетейік, Almaty SuperSki жобасы жүзеге асырылатын аумақ ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін сақтайды және Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамынан шығарылмайды. Алдағы уақытта жобаның барлық кезеңінде ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп, ғылыми сүйемелдеу жұмыстары жалғасады.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, Almaty TV

Толық көрсету