Almaty Superski жобасы аясында 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty Superski жобасы толық іске қосылғанда 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның басым бөлігі туризм, қонақүй бизнесі, көлік және қызмет көрсету салаларына тиесілі болады. Жоба аясында инженерлер, аспалы жол операторлары, техникалық мамандар, менеджерлер, нұсқаушылар, құтқарушылар мен гидтер қажет. Кадрларға деген сұраныс құрылыс және курортты іске қосу кезеңдеріне қарай айқындалады. Жоба жетекшілері ең алдымен отандық мамандарды, соның ішінде Алматы тұрғындарын жұмыспен қамтуға басымдық бермек. Ал тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік сарапшылар да тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біз ең алдымен қазақстандық мамандарды жұмысқа тартуға басымдық береміз. Туризм саласындағы менеджерлер, аспалы жол операторлары мен өндірістік қызметкерлердің басым бөлігі отандық мамандардан жасақталады. Оларды кезең-кезеңімен жұмысқа қабылдаймыз. Сондай-ақ инженерлер мен техникалық бағыттағы өзге де мамандарға сұраныс жоғары болады», – деді Kazakh Tourism Development компаниясының өкілі Әди Шәріпов.

Жобаға жұмысқа орналасу үшін кәсіби дағды, жауапкершілік және қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Ал техникалық және арнайы мамандық иелерінен тиісті дайындықтан өтіп, қажет болған жағдайда сертификат алу талап етіледі.

Сонымен қатар тау кластерін дамыту аясында бейінді мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына шамамен 350 білім грантын бөлу жоспарланып отыр. Олар аспалы жолдарға қызмет көрсету, тау шаңғысы инфрақұрылымы және туризм салаларын қамтиды. Мамандарды іріктеу де жобаның жүзеге асу кезеңдеріне сәйкес жүргізілмек.

«Бізде техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярланады. Құрылыс, логистикалық жобалар және бекіту құралдары бағытында да Сәтбаев университеті заман талабына сай кадрлар дайындап жатыр. Сондықтан бұл – жас мамандарымыз үшін қуанышты жаңалық деп ойлаймын. Түлектеріміздің басым бөлігі жұмыспен қамтылған. Ал бұл жоба олар үшін жаңа мүмкіндік әрі тағы бір үлкен белес болады», – деді Ө. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты директорының орынбасары Раиса Кұлмұханқызы.