Алматы тауларында туристер үшін 18 паналайтын үйшік орнатылды

Мыңнан астам тау бағыты цифрландырылып, оның 850 шақырымнан көбі абаттандырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тауларындағы мың шақырымнан астам маршрут абаттандырылды. Атап айтқанда, туристерге бағыт-бағдар беретін көрсеткіштер мен навигациялық белгілер орнатылды. Саяхатшылар қай бағытта келе жатқанын, қанша шақырым қалғанын және жолға қанша уақыт кететінін біле алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының тау туризміне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қалада тау бағыттарын дамытуға және туристік инфрақұрылымды жаңартуға басымдық беріліп отыр. Басты мақсат – биік шыңды аймақтарды тұрғындар мен шетелдік қонақтар үшін барынша қолжетімді әрі қауіпсіз ету. Бүгінде мыңнан астам тау бағыты цифрландырылып, оның 850 шақырымнан көбі абаттандырылған. Биыл тағы 350 шақырымға жуық тау соқпағын көркейту көзделіп отыр.

«Қазіргі таңда Серкебай тауына апаратын маршрут бар. Бұл – ең қолжетімді бағыттардың бірі. Одан бөлек, Жапон соқпағы, Үлкен Алматы көліне апаратын бағыт және Алмарасандағы ыстық бұлақтарға баратын маршрут та бар. Серкебай тауына дейінгі бағыттың ұзындығы шамамен 3 шақырым. Алмарасандағы маршрут – 700 метр. Үлкен Алматы көліне дейінгі жолдың ұзындығы – 5, ал Жапон соқпағы – 6 шақырым», – деді «TAU pro Corporation» ЖШС директоры Роман Картун

 Айта кетейік, биыл қаңтар-тамыз айларында Іле-Алатау ұлттық паркіне 1 миллион 324 мыңнан аса адам барған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 93 пайыз көп. Бұл Алматының таулы аймақтарында демалуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркіндегі таулы аймақтарда 18 үйшік орнатылған. Мамандардың айтуынша, мұнда саяхатшылар келеңсіз жағдайға ұшырап, бағыттан шатасқан кезде паналайды..

«Үлкен, Кіші, Горельник және Іле Алатау парктеріндегі туристер көп баратын шатқалдарда 18 тау үйшіктерін орнатылды. Мұнда туристер төтенше жағдайға тап болса, қонып, келесі күні немесе демалып болғаннан кейін әрі қарай өзінің маршрутын жалғастыруына мүмкіншілік береді», – деді «Алматы туризм бюросы» ЖШС қалалық туризм инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Айбол Мұратхан.

 Алып шаһар Алматының тау бөктері бұрын әсемдігімен, биіктігімен көпшіліктің жанын баураса, қазір қолжетімді әрі қолайлы болғандығы үшін демалушылардың сүйікті мекеніне айналған.

«Тау – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Мен 30 жылымды тауға арнадым. Кәсіби альпиниспін, гид әрі тау жолын жақсы білетін маманмын. Сондықтан өмірімнің көп бөлігі таумен байланысты. Меніңше, тау –  жер бетіндегі ең керемет мекендердің бірі. Әлемнің көптеген елдерінде болдым, түрлі жерді араладым. Бірақ Қазақстанның, соның ішінде Алматының тауларының сұлулығы ерекше деп айта аламын. Бұл жерде адам тек тәнін ғана емес, жанын да тынықтырады», – деді альпинист Мақсұт Жұмаев.

Биыл Үлкен Алматы көліне апаратын жаңа маршрут жасалып жатыр. Бұған дейін мұндай бағыт болмаған. Жоба аясында туристерге қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау үшін жаяу жүргіншілер жолы, баспалдақтар, көпірлер мен демалыс орындары салынады.

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматының негізгі көшелер жаңа кейіпке еніп жатыр: құрылыс жұмыстары қашан аяқталады