"Almaty TV CUP" турнирі: үздік материал авторы марапатталды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Сондай-ақ шығармашылық еңбегі жоғары бағаланған авторға ақшалай сыйақы табысталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында өткен «Almaty TV CUP» республикалық турнирінің жеңімпаздары ғана емес, іс-шара туралы жазған үздік журналистік материал иесі де марапатталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.   

Аталған турнир туралы үздік ақпараттық материал авторы ретінде спорт журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы Ақын Ордабайұлы танылды.

Сондай-ақ шығармашылық еңбегі жоғары бағаланған авторға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.

«Алматы» телеарнасының журналистерді ынталандыру мақсатында өткізген бұл іс-шарасы әсіресе, біз сияқты ардагер журналистердің шабытын оятып, қанат бітірді десек, артық айтпаймыз. Футболдан өткен республикалық турнирде қаншама әріптесімізді көріп, көзайым болып, арқа-жарқа қуанып қалдық. Алматыны мәдениеттің, спорттың орталығы деп білеміз. Алуан түске боялған ару қаламыз туралы шабыттана жаза түсуімізге ықпал етер, қамшысалар жүлде болып отыр. Сондықтан өте жоғары деңгейде өткен айтулы іс-шараны ұйымдастырған «Алматы» телеарнасына алғысым зор!» - деді ардагер журналист Ақын Ордабайұлы.

Айта кетейік, жақында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Almaty TV арнасының ұйымдастыруымен республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арасында футболдан "Almaty TV CUP" республикалық турнирі өткен болатын. Турнир аясында жүлделі орын алған командаларға арнайы марапаттармен қатар, ақшалай сыйлықтар да табыс етілді.

Іс-шараны ұйымдастырған Almaty TV телеарнасының өкілдері қатысушылар мен көрермендердің жылы пікірін ескере келе, жарыстың енді жыл сайын өткізілетінін мәлімдеді.  

Оқи отырыңыз: БАҚ қызметкерлері күніне орай "Almaty TV" ұжымы марапатталды

Новости партнеров