Іс-шараға 984 адам қатысу үшін өтініш беріп, оның 11-і қорытынды кезеңге жолдама алған
Алматыда «Almaty Ustazy» қалалық байқауының финалдық кезеңі өтіп, жеңімпаздар анықталды. Озық педагогикалық тәжірибе алмасу және мұғалім мамандығының беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 984 адам қатысу үшін өтініш беріп, оның 11-і қорытынды кезеңге жолдама алған, деп хабарлайды Almaty.tv
Байқау алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оған 36 жасқа дейінгі 10 мыңға жуық жас педагог қатысып, өз білімін сынаған. Алғашқы кезеңде қатысушылар 11 пән бойынша тестілеуден өтсе, жарыстың екінші бөлімінде арнайы сабақ өтті. Ал соңғы кезеңде финалистер «Мен – көшбасшы мұғаліммін» авторлық жобасын көпшілік алдында қорғады. Байқау нәтижесі бойынша 7 маман жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысына шетелдегі жетекші білім беру ұйымдарында халықаралық білім беру тағылымдамасынан өтуге мүмкіндік берілді. Бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
«Көшбасшы мұғалім деген кім? Ол – өзінің білім тәжірбиесін мектеп қабырғасында ғана емес, өзінің оқушыларына ғана емес,аудандық, қалалық, республикалық көлемде тәжірибесін таныта білу.Бұл жерге дайындықпен келдік. 11 қатысушы инновациялық жобалармен келді, олар педагогикалық саласында алдағы уақытта үлкен мүмкіндігін ашады», – деді М. Дулатов атындағы № 136 мектеп-гимназиясының ұстазы Айбар Ермекқалиев.
«Байқаудың қорытындысы бойынша, бас жүлде иелеріне қаржылай сыйлық табысталады, шет мемлекетте тағылымдамадан өтуге жолдама беріледі. Бұған дейін Финляндия, Эстония, Сингапурде педагогтеріміз тағылымадан өтті. Ал алдағы уақытта тәжірибие жалғасатын болады. Жеңімпаздар Ұстаздар мерекесі қарсаңында ресми түрде марапатталады», – деді қалалық Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиев.
Оқи отырыңыз: Сеулдегі этноауылда қазақтың салт-дәстүрі таныстырылды