Алматы жастары: Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып келеді

28.11.2025 19:13

Алматы қалалық Мәслихат депутаттары шаһардың 2025 жылға арналған бюджетін қорытынды нақтылау жобасын мақұлдады

Алматы қалалық Мәслихат депутаттары шаһардың 2025 жылға арналған бюджетін қорытынды нақтылау жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергеновтің сөзінше, бұл шешім бюджет қаражатын неғұрлым тиімді әрі сапалы игеруге мүмкіндік береді. Мәслихат отырысында Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев сөз алып, Алматы қаласы үшін жеңілдетілген декларацияға негізделген арнайы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін төмендету туралы айтты. Жауапты басқарма басшысы «бұл – ең алдымен шағын кәсіп иелері үшін айтарлықтай жеңілдік» дейді.

«Мәслихаттарға салық мөлшерлемесін ±50 пайыз шегінде өзгерту құқығы берілген. Яғни оны 2 пайызға дейін төмендету немесе 6%-ға дейін көтеру мүмкіндігі бар. Бұл өз қаламыз үшін оңтайлы мөлшерлемені айқындау мәселесін стратегиялық маңызы бар етуге мүмкіндік береді», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев.

Сондай-ақ мәслихатта «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы мәслихаттың шешімімен бекітілмегені сөз болды. Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының айтуынша, аталған бағдарлама Мемлекет басшысының Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша тапсырмалары аясында іске асып келеді.

Айта кетейік, «Алматы жастары» 2017 жылдан бері жемісті жұмыс істеп тұр.

 «Осы жылдар аралығында 8 мыңнан астам жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді деуге болады. Тұрғын үй алу үшін «Отбасы банк» арқылы займдар бөлінді. Жыл сайын біз тұрғын үй займдарының көлемін ұлғайтамыз және осы бағдарлама өте үлкен көлемде жүргізіліп жатыр», – деді Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Рита Нұрбекқызы.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматы халықаралық әуежайын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты