Жауаптылардың сөзінше, әуежайды дамыту жұмыстары 2050 жылға дейінгі жоспар аясында жүзеге асуда
Алматы халықаралық әуежайын қайта жаңарту қарқынды жүріп жатыр. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әуе айлағына барып, онда атқарылып жатқан шаруамен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жауаптылардың сөзінше, әуежайды дамыту жұмыстары 2050 жылға дейінгі жоспар аясында жүзеге асуда. Оның шеңберінде ішкі рейстер терминалы қайта модернизацияланып, ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізіледі.
«Әуежайды дамыту жұмыстары бірнеше кезеңмен жүзеге асады. Алғашқы кезең биыл басталған – Horizon. Оның аясында үлкенді-кішілі 130 жоба қарастырылған. Мұның барлығы жолаушылар қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Атқарылып жатқан шаруалардың нәтижесінде жаңа халықаралық және өңірлік рейстер пайда болады деп жоспарланып отыр», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Гокер Косе.
Сондай-ақ қала әкімі жаңа VIP-перронның, әуе кемелеріне мұздануға қарсы өңдеу жүргізілетін арнайы аймақтың және қосымша жүк тұрағының құрылысын көріп, ішкі терминалды, жүк салу аймағын аралап шықты. Жоспардағы шаруаның бәрі аяқталғаннан кейін әуежай Еуропа мен Азияны байланыстыратын ірі әуе хабына айналмақ. Ал жолаушылар ағыны жылына 40 миллион адамға дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр. Сонымен қатар жауаптылар құрылыс кезеңінде 1800-ден аса, ал тұрақты операциялық қызметте 550 жұмыс орны ашылатынын айтты.
Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Оқушылар сарайы мен Алматы музейінің жұмысымен танысты