Алматы жұрты ақын Исраил Сапарбаймен қоштасты

Жазушымен қоштасу рәсімі қаладағы орталық мешітте өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жұрты ақын, белгілі драматург, сазгер Исраил Сапарбаймен қоштасты. Қаралы жиында елімізге танымал тұлғалар марқұм жайлы естелік айтып, көпке өнеге болар өнер адамының өмірін баян еткен. 85 жасына қараған шағында қайтыс болған жазушымен қоштасу рәсімі қаладағы орталық мешітте өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ қызына қайран қалып, ертегідегідей махаббатты өлең еткен лирик-ақынның мол мұрасы ертеден-ақ ел жадында жатталып келеді. Оның сөзіне жазылған әр ән – әуелеп шырқалып жүрген әсем туындыға, өлеңі – мөлдір сезімнің символына айналып үлгерді. «Сағындым сені» деп сарғайтып, «Бір тамшы көздің жасындай» мөлт еткен махаббатты жыр ғып өткен ақын жүрегі енді сол шумақтарда тоқтаусыз соға береді.

Исраил Сапарбай дегенде әңгімені оның әндерінен бастауымыз бекер емес. Автордың қаламынан 70-ке тарта ән мен 150-ге жуық мәтін туған. Ал «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» сияқты пьесалары театр сахнасында әлі күнге дейін қойылып жүр.

«Исраил Сапарбаев дегенде көз алдымызға нәзік лирикалық өлеңдер келеді. Оның пьесасының өзі өлеңмен жазылған. 150 әнге мәтін жазған, соның сыртында 70 әннің әнінде сөзін де өзі жазған. Сондай керемет адамнан айырылдық», – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

1941 жылдың 15 мамырында Самарқанда дүние есігін ашқан ақын еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінен бастап, әр кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» , «Жазушы» баспасы мен «Қазақфильм» телестудиясында қызмет атқарды. Шабыттың шырқау шегі шығармашылықтағы жетістіктерге жеткізгендіктен, оның еңбегі де елеусіз қалмады. Лирикті әдебиетсүйер қауым Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығына лайық деп таныған. Әралуан фестивальдерде топ жарғаны тағы бар.

«Жаны таза, аңқылдаған, сарайы кең адам болатын. Кішілерге мейірімді, үлкендерге ілтипатты, қазақ поэзиясына қайтадан тумайтұғын тұлғасы ретінде тарихымызда, әдебиетімізде қалады деп есептеймін. Сексеннің  ортасына жақындаған қария кетті деп ғана емес, үлкен өлең-жырдың дариясы кетті дер едім», – деді  Түрксой жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.  

Жақындарының айтуынша, ақынның қазасына жылдар бойы жанына батқан дерт себеп болған. Қазақ әдебиеті қара жамылып, тағы бір дәурен көшкен тұста көпшіліктің жұбанары - ақынның жақұт жырлары.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйі Қонаевқа көшірілмейді

Новости партнеров