Қалада 85 нысан жөнделіп, екі шағын қазандық жаңартылды
Алматы қаласы 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайын. Мұны «Алматыжылукоммунэнерго» кәсіпорнының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мекеменің қазандықтары шаһардың 7 ауданында орналасқан. Олар мегаполис тұрғындарының шамамен 35 пайызын жылумен қамтиды. Жалпы 85 нысан жөнделіп, екі шағын қазандық жаңартылды.
«Қазандықтарда толықтай қосалқы газ және электр және химиялық су тазалау құрылғыларының бәрі толықтай жөндеуден өтті. 100% жылыту маусымына дайынбыз. 87 қазандығымыз толықтай дайын. Оның ішінде 9-ы ірі, 78 кіші қуатты қазандық», – деді «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС бас инженері Жақсылық Талдыбаев.
Сонымен қатар алдағы жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі де қадағаланып жатыр. Себебі өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 194 өрт тіркеліп, төрт адам жарақат алған. Табиғи және көміртек тотығынан сегіз адам зардап шекті. Аталған жағдайларға көбінесе тозған электр жабдығы, сондай-ақ пешті орнату мен пайдалану талабының бұзылуы себеп болған. Құтқарушылардың айтуынша, тұрмыстық электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау – өрттің бір себебі.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үй-үйді аралап, көміртек тотығы датчигін орнатып, тұрғындарға пеш пен жылу құрылғыларын пайдалану ережесін түсіндіріп жатыр.
«65-ке жуық көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатылды. Сонымен қатар 600-ге жуық осал топқа жататын отбасылардың үйін аралап, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жылыту пештері дайын емес болса, жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, көмек көрсетіледі», – деді ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасының бас маманы Ақтыныс Әлтебаева.
Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында 1500-ге жуық адам тазалық жұмыстарына қатысты