Алматыда 10 мыңға жуық орын тапшы: Саясат Нұрбек жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

Елімізде соңғы 5 жылдың 271 жатақхана салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда студенттерге арналған жатақханада 10 мыңға жуық орын тапшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде 680 мың адам жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі жатақханамен қамтылған. Тапшылық Алматы қаласында байқалады. Министрлік дерегінше, 3 жыл бұрын 80 мың студентке орын жетпеген. Бүгінде бұл көрсеткіш 10 мыңға қысқарыпты. Бұл ретте Ғылым және жоғары білім министрлігі Ахуалдық орталық ашып, жастарға көмек көрсету тетігін іске қосты. Екі аптаның ішінде мұнда мыңнан астам қоңырау түскен. Ай соңына дейін бұл көрсеткіш еселеп өседі деп күтілуде. Сондықтан жауапты министірлік орталықтарға қосымша желілер қосуды жоспарлап отыр.

«10 желі дайындап қойдық. Бірақ Алматы университеттерін таңдаған студенттердің саны жоғары. Сондықтан қосымша желі қосып жатырмыз. Үкімет отырысында берген 3 нөмірге хабарласуға болады. Олар толыққанды жәрдем көрсетеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Соңғы 5 жылдың ішінде ел бойынша 271 жатақхана салынды. Алдағы 2 жылда орын тапшылығы түбегейлі шешілуі тиіс. Ал жаңадан ашылған Ахуалдық орталықтар студенттердің жатын орынсыз қалмауын қадағалайды. Қызметкерлер хабарласқан жастарға кеңес береді. Орталықта басқа оқу орындарындағы жатақханалар мен қосымша ғимараттар жайлы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады.

«Әрбір университетпен байланыста болып, сол жердің жағдайын айтып, байланыс телефондарын береміз. Мыңнан астам қоңырау қабылдадық. 25 тамыздан кейін қоңырау көбейеді. Алматы және басқа қалалардан студенттер келе бастайды», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің проректоры Еркін Жұманқұлова.

 «Жатақхана мүлде табылмай жатқан жағдайда министрліктің чатына студенттің аты-жөнін, ақпаратты береміз. Студенттің мәселесін университеттің басшылығымен байланысқа шығып, шешіп береді. Егер университеттен жатақхана мүлдем табылмай жатқан жағдайда университеттің жеке жалдамалы жатақханасынан міндетті түрде орын табуға тырысады», – деді Ахуалдық орталықтың операторы Балайым Әмірқұл.

Үкімет биылғы оқу жылы басталмай тұрып, ел бойынша 29 жаңа жатақхана ашуды жоспарлап отыр. Университет студенттеріне 20, ал 9 жатақхана колледж жастарына арналмақ. Қазірдің өзінде 4 ғимарат пайдалануға берілді.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда қиын жағдайға тап болған студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылды

Новости партнеров