Биыл қалада жасөспірімдер 240 қылмыс жасаған
Биыл Алматыда жасөспірімдер 240 қылмыс жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Бұл туралы Прокуратура өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқушылар арасындағы агрессия мен өзара қарым-қатынастың күрделенуінен мектептегі әлімжеттік фактілері де көбейген. Балаларды қауіпті орта мен теріс әрекеттерден сақтау мақсатында Жетісу ауданында прокуратураның ұйымдастыруымен кездесу өтті. Профилактикалық іс-шара барысында жауаптылар құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін түсіндіріп, оқушыларды жауапкершілікке шақырды. Жиында интерактивті дәріс, ойын түріндегі пікірталас та болды.
«Мақсат – жастарға буллинг, әдепсіз мінез-құлық пен өзгені қорлау, түрме жолына апарар тура жол екендігін көрсету. Біз осындай кездесулердің нәтижесінде жасөспірімдердің құқықтық санасы қалыптасып, іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезіну деңгейі артады деп шын сенеміз», – деді Жетісу ауданы прокурорының орынбасары Мирас Қайролдаев.
Кездесуге сондай-ақ танымал «105» сериалының түсірілім тобы мен актерлері келіп, оқушылармен ашық әңгіме өрбітті. Бұл туындыда мектептегі зорлық пен психологиялық қысым мәселесі қозғалады. Сондықтан білім алушылар қонақтарға сұрақ қойып, буллинг мәселесіне қатысты ойын айтты.
«Әлімжеттілік белең алып тұрған мәселелердің бірі болғандықтан, бейжай қарауға болмайды. Оны тоқтату мақсатында, жалпы бұл нәрсенің дұрыс емес екенін түсіну үшін мәселені көтеру керек», – деді актер Айбарыс Сауытхан.
Оқи отырыңыз: Инклюзивті құзыреттілік: Алматыда ерекше жастарға арналған тігін орталығы ашылды