Сот шешіміне сәйкес 6 кәсіпкерлік субьектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты
Алматыда 1 миллион теңгеден асатын 190 қорап контрофактілік өнім тәркіленді. Танымал кондитерлік кәмпиттер өндіретін компания қалалық Әділет департаментіне олардың тауар белгілерін заңсыз пайдаланып жүрген кәсіпкерлерге бақылау жүргізуді талап еткен. Құзырлы орган жоспардан тыс тексеру жасап, жалған өнімдерді анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мына өнімдерге бір қарағанда олардың заңсыз жасалғаны мүлде байқалмайды. Тауардың түпнұсқасымен бірдей үлгіде қапталған. Дегенмен, олардың құрамы мен салмағы әртүрлі. Оған қоса, сыртындағы штрихкод та жүйеде тіркелмеген.
«Ең алдымен, біз олардан тауар белгісін пайдалануға рұқсат беретін құжаттардың бар-жоғын сұраймыз. Бұл – құқық иесінен берілген лицензиялық келісім немесе ресми дистрибьютордан алынған сатып алу келісімшарты болуы мүмкін. Мұндай құжаттар болмаған жағдайда өтініш беруші тарап түпнұсқа өнім мен контрафактілік тауардың айырмашылығын көрсететін салыстырмалы талдау ұсынуы тиіс. Тексеру барысында процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, өнімде контрафактілік белгілердің бар-жоғын анықтадық», - деді Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы Алмас Бекботаев.
Бұл тауарлардың сапасы күмән тудырады. Мамандар «мұндай кәмпиттерді ересектерден бөлек, балалар да жейтін болғандықтан, аса қауіпті» дейді. Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асатын 190 қорап тәркіленген. Сот шешіміне сәйкес 6 кәсіпкерлік субьектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 158-бабына сәйкес, яғни бөтеннің заңсыз тауар таңбасын заңсыз пайдалану фактісі бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде, жеке кәсіпкерлерге 30 АЕК мөлшерінде және орта ірі кәсіпкерлерге 80 АЕК мөлшерлерінде айыппұл салынады және заттары тәркіленеді. Тәркіленген заттар сот шешімімен жойылады. Жеке кәсіпкерлерге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды»,- деді Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы Алмас Бекботаев.
Айта кетейік, Алматы қаласының Әділет департаменті жыл басынан бері 19 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы құны 14 миллион теңгеден асатын 40 мың 196 дана контрафактілік өнім тәркіленді.
Айдана Шалқар, Хангелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Шымкенттегі көпқабатты үйде болған қайғылы жағдайға қатысты жаңа мәлімет пайда болды