Қала әкімі Дархан Сатыбалды нысандардағы жұмыс барысымен танысты
Алматыда бір мезетте 200 электр автобусын қуаттайтын жаңа автопарк жұмысын бастамақ. Көкқайнар ықшамауданындағы нысанда 100 қуаттау станциясы орнатылды. Бұл қаладағы қоғамдық көлікті электрлендіру инфрақұрылымын кеңейтіп, экологияны жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар газбен жүретін автобустарға қызмет көрсететін жаңа станция іске қосылмақ. Қала әкімі Дархан Сатыбалды нысандардағы жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көкқайнардағы жаңа автопарк бір мезетте 200 автобусты қуаттай алады. 2,6 гектар болатын нысанда жалпы 100 зарядтау стансасы орнатылады. Оның 50-і 240 киловатт, қалған 50-і 160 киловатт қуатқа есептелген. Қазір автопаркті «АлматыЭлектроТранс» балансына беру рәсімі жүріп жатыр. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін электрлі автобустарға қызмет көрсетеді.
«Жоба бойынша жоғары және төмен кернеулі желілер қарастырылған. Жоғары кернеу жағында электр энергиясын трансформаторлық қосалқы станцияға жеткізетін тарату пункті орнатылған. Ал трансформаторлық станциядан төмен кернеу желісі арқылы электр қуаты тікелей зарядтау станцияларына беріледі. Жобаның жалпы қуаты - 20 мың киловатт. Орнатылған зарядтау станциялары автопарктің жоспарланған қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді мердігер компанияның өкілі Данияр Диханчинов.
Электр көліктерімен қатар, газбен жүретін автобустарға да жағдай жасалмақ. Көкқайнарда компрессорлық станса құрылысы аяқталуға шақ тұр. Оның өндірістік қуаты сағатына 4 мың 400 текше метр. Мұнда бір уақытта 6 автобусқа көгілдір отын құюға болады. Нысан толық іске қосылғанда сағатына орта есеппен 25-30 қоғамдық көлікке қызмет көрсетпек.
«Қазір инженерлік желілер, соның ішінде газ және су құбырларын тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Ал газ-компрессорлық жабдық пен ғимарат фасадын орнату кезеңінде әлі жұмыс жүргізіледі. Бұл нысан автобустарға өте тиімді болады», – деді мердігер компанияның директоры Болат Ибрашев.
Қала әкімі жұмыс сапарында Әуезов ауданындағы «QADAM» қоғамдық кеңістіктің жұмысымен танысты. Жаңа алаңқай Саин көшесінің бойында, 0,35 гектар аумақта орналасады. Мұнда балалар алаңы, ұзындығы 100 метр жүгіру жолы, воркаут пен паркур элементтері, серуендеуге арналған жасыл аймақтар қарастырылған.
«Жобаның басты ерекшелігі – тактильді аллея. Ағаш, қиыршық тас пен құм сияқты түрлі табиғи жабындарды келушілер кеңістікті тек көріп қана қоймай, сезіне алады. Алаңда түрлі ландшафтты дизайнерлік шешімдер қолданылмақ. Қала тұрғындары бұрын соңды бұндай алаңды көрмеген, пайдалы әрі демалуға қолайлы болады деп сенеміз», – деді жоба жетекшісі Наталья Корытина.
Сондай-ақ алаңның орталық бөлігіне арка түріндегі бірнеше фонтан орнатылады. Жобаны әзірлеушілер қоғамдық кеңістіктің қысқы келбетін де ескерген. Суық мезгілде аумақ арнайы декоративті жабындымен безендіріліп, жарықтандыру арқылы нысанды жыл бойы пайдалануға болатын орынға айналдыру көзделген.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұды, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: «Ажарлы Алматы»: әр өңірден келген суретшілер қала көркін шығармасында бейнеледі