Алматыда 21 жастағы спортшыға қолдау көрсету кеші ұйымдастырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Өмірге деген махаббат» атты қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Іс-шара Ақерке Сүлейманның еміне қаражат жинау және оған қолдау көрсету мақсатында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақерке бала күнінен церебралды паралич дертімен күресіп келеді. Алайда бұл жағдай оның өмірге деген құштарлығына кедергі болмаған. Бүгінде ол – Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және Қазақстан Республикасының спорт шебері. Спорттағы жетістіктерімен қатар, әншілік өнерімен де көрермен жүрегінен орын алып келеді.

21 жастағы Ақеркенің еміне 15 миллион теңгеге жуық қаражат қажет. Жиналған ақша оның Арменияда жоспарланған отасына жұмсалады. Ұйымдастырушылар мен жақындары бойжеткеннің арманын жүзеге асыру үшін көпшіліктен қолдау күтеді.

«Қолдауларыңызға Алла разы болсын. Барлығыңызға ризамыз. Осы қыздың аяқтан тұрып, сахнаға өз аяғымен шығып, сіздердің алдарыңызда өнер көрсетіп, арманына жетуіне тілектеспіз. Барлығыңызға шын жүректен алғысым шексіз», – деді Ақерке Сүлейманның анасы Гүлзағи Әбітайқызы.