Алматыда 30 мыңнан аса тұрғын түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Рейд барысында тәртіп сақшылары тексерумен шектелмей, түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл 30 мыңнан аса тұрғын түрлі құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында тәртіп сақшылары қала аудандарында күн сайын кең көлемді бақылау шараларын жүргізіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық учаскелік инспекторлар күн сайын тұрғын үйлерді аралап, арнайы есепте тұрған тұрғындардың тыныс-тіршілігін бақылап отырады. Медеу ауданының полицейлері бұрын сотталған азаматтардың пәтеріне кіріп, олармен тәртіптік кеңес өткізді. Сондай-ақ рейд барысында көші қон заңнамасын бұзғандар да тексерілді. Алкоголь немесе есірткіні шамадан тыс пайдаланған тұрғындар да назардан тыс қалмады.

«Есепте тұрған азаматтарды үнемі міндетті түрде тексереміз. Егер маскүнемдердің ішімдік ішкен фактісі анықталса, оларды міндетті түрде маскүнемдерді емдеу орталығына жеткіземіз. Ол жерде жаңағы 10-15 күн амбулаториялық емін алады», – деді Медеу ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Дидар Бөкенов.

Рейд барысында инспекторлар атыс қаруына рұқсаты бар тұрғындарды да тексерді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай мүлікті сақтайтын әр азамат қауіпсіздік талаптарын қатаң орындауы қажет. Сондай-ақ оқ-дәрі мен жеке атыс жабдығы еденге немесе қабырғаға берік бекітілген металл сейфте тұруы тиіс. Ал оны бөлмелердің қабырғасына ашық түрде ілуге заң бойынша қатаң тыйым салынған.

 «Аңшылық билетімді рәсімдеп, қаруымды заңға сәйкес тіркегенмін. Негізінен оны өз қауіпсіздігім үшін ұстаймын. Аңшылыққа шығуға мүмкіндігім жоқ. Бұл мүлікті шамамен он бес жылдан бері заңды түрде сақтап келемін», – деді қала тұрғыны Андрей Шлёнский.

Алматыда түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін биыл 30 мыңнан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 6 мыңға жуығы тіркеусіз тұрғаны немесе жеке басын куәландыратын құжаты болмағаны үшін жазаланған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай жедел-алдын алу шаралары қоғаммен байланысты күшейтіп, тұрғындардың сенімін арттыруға бағытталған.

«Аталған іс-шара аясында 30-мыңнан астам адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. 42 мыңнан астам қаруы бар азамат тексерілді. Оның ішінде 141 өрескел құқық бұзғаны үшін тәркіленді. 400-ге жуық иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек 189 жасөспірім балаларды қамтамасыз ету орталығына жеткізілді», – деді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.

Рейд барысында тәртіп сақшылары тексерумен шектелмей, түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізді. Тұрғындарға кеңес беріп, заң алдындағы жауапкершілікті ескертті. Полицейлердің айтуынша, қыркүйектен бері түрлі себептермен бөлімшеге 4,5 мыңнан астам азамат жеткізілген.

Мәди Мәлік. Аида Иманәлі. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Мүгедек қызды зорлаған бір топ еркектің біреуі ғана күдікті деп танылған

Новости партнеров