Алматыда 305 миллиард теңгеден астам қаржылық және рәсімдік заңбұзушылық анықталды
Алматыда биылғы тоғыз айда 305 миллиард теңгеден астам қаржылық және рәсімдік заңбұзушылық тіркелді. Оның 81 миллиард теңгеден астамы мемлекетке қайтарылып, бухгалтерлік есепте қалпына келтірілген. Бұл туралы қалалық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty TV.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау аясында департамент мамандары тоғыз айда 31 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 305 миллиард теңгеден астам заңбұзушылық анықталды. Оның 153 миллиард теңгесі тікелей қаржылық бұзушылықтарға қатысты болса, қалғаны рәсімдік талаптардың сақталмауынан туындаған.
«Біздің жұмысымыз бірнеше негізгі бағыттан тұрады. Біріншісі – қаржылық есептілік аудиті. Бұл бағытта ұйымдардың бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізуі, қаржылық есептіліктің шынайылығы мен дұрыстығы бағаланады. Екіншісі – сәйкестік аудиті. Мұнда бюджет қаражатын пайдалану, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлікті басқару және өзге де қаржылық операциялардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі қадағаланады», – деді Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Азат Әбіл.
Аудиторлар қоғамдық көлік пен білім беру салаларында да бірқатар олқылық анықтаған. Мәселен, былтыр жаңа автобустар сатып алуға 50 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда көліктің едәуір бөлігі қалаға жеткізілмеген. Бұдан бөлек, мектептердегі мұғалімдердің жалақысы мен оқу жүктемесіне қатысты төлемдер де тексерілген.
«Алматы қаласының төрт мектебінде жүйе арқылы бүгінгі күнге дейін шамамен 179 миллион теңге сомасында бұзушылықтар анықталды. Оның 40 миллион теңгеге жуық бөлігі бюджетке қайтарылды», – деді Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Азат Әбіл.
Жалпы, тоғыз айда департамент 217 әкімшілік іс қозғап, 45 миллион теңгеден астам айыппұл өндірген. Сонымен қатар 235 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Мамандардың айтуынша, қазір жаппай тексеру жүргізуден гөрі цифрлық жүйелер арқылы тәуекелдерді алдын ала анықтауға басымдық беріліп отыр. Ал тұрғындар бюджет қаражатының заңсыз немесе тиімсіз жұмсалғаны туралы ақпаратты «e-Otinish» платформасы арқылы жолдай алады.
Диана Тұрлыбек, Almaty TV