Алматыда 500-ден аса адам алаяқтардың құрбанына айналған

14.01.2026 19:33

Көпшілік қылмыстың 8 түрі бойынша арыз-шағымын жеткізді

Алматыда 500-ден аса адам алаяқтардың құрбанына айналған. Ал тұрғындарға келтірілген залал көлемі 7 миллиард теңгеден асып кеткен. Әділдік іздеп, қылмысқа қатысы барларды ұстауды талап еткен көпшілік Полиция департаментінің алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алаяқтардың арбауына түскен жанның бірі – Айзада Әдірбекова. Ол 2024 жылдың қаңтар айында жинаған қаражатын «Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған бағдарламаның көмегімен үй алып береміз»деп сендіргендерге берген. Дегенмен жалпы сомасы 45 миллион теңгені әккілердің қолына ұстатып жібергенін бірнеше айдан кейін бірақ аңғарыпты. Полиция басқармасының, прокуратураның табалдырығын талай рет тоздырған. Алайда 2 жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай отырғанын айтты.

«Негізгі алаяқ бостандықта жүр, ал оның қол астындағы адамдар қамауда отыр. Бір айдың ішінде сот болады.  Бірақ басты айыпты адам қамауға алынбады. но бірақ анау главныйлары қамалмайын деп тұр бұл жерде. Бізде факті, дәлел видео-фото бар, бірақ қолданбай отыр», – деді қала тұрғыны Айзада Әдірбекова.

Ғимарат алдына жиналғандардың қатарында жалған автонесие, қарызға қаржы беретін ұйымдар мен оқу орталықтарының мардымсыз жұмысы жөніндегі тақырыптарды көтергендер де болды. Жалпы алғанда көпшілік қылмыстың 8 түрі бойынша арыз-шағымын жеткізді. Барлық істің қайта қаралғанын талап етіп, құқық қорғау органдарынан алаяқтарды ұстап, қаражатты өндіріп алуға көмектесуін сұрады.

«Алаяқтар қазір бостандықта жүр. Полиция қызметкерлері арнайы тергеу жүргізіп жатқан жоқ. Дропперлікке, қаржылық пирамида мен алаяқтыққа қатысты істер соңына дейін жеткізілмей жатыр. Бізге нақты нәтиже керек», – деді қоғам белсендісі Бибінұр Шерәлиева.

«Менің балам мектепте дене шынықтыру сабағында жамбас сүйегін сындырды. Үш рет тергеуші ауысты. Осы күнге дейін баламнан түсініктеме да алған жоқ.  Кез келген есікті аша алатын қоғам белсенділерінің ісі жабылып жатса, қарапайым халықтың ісі қаралмайды ғой», – деді «Қамқор ана» қоғамдық қорының жетекшісі Аида Бұқаева.

Наразылық танытқан жұрттың пікірін тыңдап, талабын білу үшін полиция департаментінің қызметкерлері көптің алдына шықты. Сала мамандары әр азаматты жеке-жеке қабылдап, кеңес берді. 

«Автонесие мәселесіне тоқталсақ, оған қатысты 232 адамның зардап шеккені анықталды. Аталмыш жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағына сай іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді. Тергеу амалдары қылмыстық-процестік заңнамаға сай жүргізілді», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Атап өтейік, былтыр 11 айдың ішінде елімізде интернет-алаяқтыққа байланысты 26 мың 300 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Көрсеткіш 2024 жылдағы  сандармен салыстырғанда 20,3 пайызға көп. Осыған орай, сала қызметкерлері азаматтарды сақ болуға шақырып отыр. 

 Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Астанада ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды