Тауар қайда өндірілді: ЕАЭО елдеріне ортақ жаңа талап енгізілмек

14.01.2026 19:58

Мәжілісмендер тиісті заңды қабылдады

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауар шығаруға бақылау күшейтіледі. Мәжілісмендер тиісті заңды қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шетелге іс-сапарға кеткен Сауда министрінің орнына төменгі палатаға келіп, баяндама жасаған вице-министр Айдар Әбілдабеков қара терге түсті. Ол депутаттардың сұрағына мардымды жауап бере алмай, тіпті арасында бірнеше рет ауыр күрсініп те алды. Соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіді. Бес ай бұрын министрдің орынбасары болып тағайындалған Әбілдабеков Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі өзара сауда мәселелерін ортаға салып, тиісті құжатты қорғап шығуы керек еді. Алайда өзіне жүктелген міндетті толық орындай алмай, сынның астында қалды.

 

«Еуразиялық экономикалық одақ кедендік аумағынан әкелетін тауарлардың шығарған жерін анықтау. Жарайды анықтадық барлығын. Жалпы біздің мемлекеттен осы ратификацияласақ қандай пайда келтірді? Халыққа түсінікті болуы үшін осы нәрселерге көңіл бөлу керек еді. Экономикаға түсетін қаражатты, жасалатын әрекетті айтпайсыздар. Жалпылама сөз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.

Айдар Әбілдабеков айтпаған ақпаратты депутат Екатерина Смолякова айтты. Сөзінше, бұл заң сұр схемаларға да тосқауыл болады. Депутат келтірген деректе Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы былтыр он айда 24,5 миллиард доллар болған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3 пайызға төмен деп отыр.

«Қазақстанның одақ елеріне экспорты 2025 жылғы қаңтар-қазанда 0,7 пайызға көтеріліп, 16,3 миллиард долларды құрады. Одақ елдерінен Қазақстанға ипорт 2025 жылға қаңтар-қазанда 9,7 пайызға төмендеп, 8,1 миллиард АҚШ долларын құрады. Осыған байланысты, келесім Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі стратегиялық серіктестер арасындағы одан әрі тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.

Құжатқа сай Қазақстан да, одаққа мүше елдер де өзге мемлекеттерге сататын тауарлары қайда өндірілгенін көрсетуі керек. Яғни, ортақ жүйеге қосылды. Сыртқа экспортталатын тауарлардың шығу тегі бірдей ережелермен анықталады. Әр ел әртүрлі талап қоймайды, бәріне ортақ стандарт болады.

«Келісімге Еуразиялық экономикалық одақ шекарасынан үшінші елдерге экспортталатын тауарлар кіреді. Егер өнім біздің елде өндірілсе, олар Қазақстандық өндірушілердің тіркеу реестрінен алынған құжатпен расталуы қажет», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Депутат Болатбек Нажметдинұлы «аталған құжат өндіріспен айналысатын кәсіпкерлерді қорғайды, әрі баршаға ортақ әділ тәртіп орнатады» дейді.

Айта кетейік, отырысқа қатысқан 90 депутаттың төртеу қалыс қалып, қалғаны түгел қолдап дауыс берді. Құжат Сенатқа жолданды.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Энергия тапшылығын шешу: Үкімет басшысы жиын өткізді