Алматыда 51 мыңға жуық түлек соңғы қоңырауға қатысты

Almaty.tv
Almaty.tv

Ал 799 білім алушы - «Алтын белгіге» үміткер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда 9-11 сынып оқушыларын қоса есептегенде 50 мың 953 түлек алтын ұя мектептерінен түлеп ұшады. Оның 30 мыңнан көбі 9-сыныпты тәмамдаса, қалған 21 мыңға жуығы 11-сыныпты аяқтайды. Ал 799 білім алушы - «Алтын белгіге» үміткер, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биыл оқу жылы Алматы қаласы үшін табысты болды. Себебі мегаполисте жалпы саны 37 білім беру ошағы бой көтерді. Оның 20-сы – жаңа талаптарға сай заманауи үлгіде құрылған «Келешек» мектептері.

Айта кетейік, жақында ғана Наурызбай ауданында №223 және №41 білім мекемелерінің лентасы қиылған.

«Биыл сәуірде Алматы қаласында қосымша және тағы 2 мектеп қолданысқа берілген болса, жаңа оқу жылынан бастап жалпы сыйымдылығы 10 мың 500 орынға арналған қосымша жеті «Келешек» мектебін қолданысқа беруді көздеп отырмыз», – деді Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев.

Білім саласындағы жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Елімізде жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына енгізу ісі кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – балаларды тек технология тұтынушысы емес, оны саналы әрі тиімді қолдана алатын тұлға ретінде қалыптастыру.

«Жасанды интеллект мектеп қабырғасына енгізіліп жатыр. Өте қуанарлық жағдай. Ел, көршілес мемлекеттер дамып жатыр. Соған лайықты балаларымызда да білім деңгейі болса, болашаққа сеніммен қарауға болады», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ директорлар кеңесінің төрағасы Рахат Шимашева.

 Алматы қаласы бойынша 360 мектепте 357 мың 222 оқушы білім алады. Оның 314 мыңнан астамы мемлекеттік мекемеде, ал 43 мыңға жуығы жекеменшік білім ордасында оқиды. Бүгін – 11-сынып түлектері үшін айтулы күн. Себебі, оларға соңғы қоңырау соғылып, мектеп вальсі орындалды. «Тарыдай боп кіріп, таудай боп шыққан» түлектер ұстаздарымен қимай-қимай қоштасты. Мұғалімдер де қанша жыл көз алдында өскен балаларды ақ тілекпен шығарып салды.

Соның қатарында №200 мектеп-гимназиясының ұстазы Айгүл Ишанғалиева да бар. Еңбек жолын осы салаға арнаған жан бүгінге дейін қаншама шәкірт тәрбиелеп, қанатын қатайтқан. Ол – ағылшын пәнінің мұғалімі, әлемдік «Global teacher prize» тізіміне енген қазақстандық кәсіби маман.

«Қазақстан ұлттық мұғалімі конкурсының жетекшілері Global teacher prize конкурсына жіберді. Оған қатыстым. 136 мемлекеттің ішінен 7 мың мұғалім қатыстық,солрдың  ішінен 50 финалисті таңдап алды. Сол финалистің біреуі болдым», – деді № 200 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгүл Ишанғалиева

 Биыл №200 мектепті 126 оқушы бітіріп жатыр. Оның алтауы – «Алтын белгі» үміткері. Олардың арасында мамыр айындағы алғашқы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан сүрінбей өтіп, жоғары ұпай жинаған үздіктер де бар.

«Мамандығым халықаралық қатынас және мақсатым – болашақта Қазақстанның сыртқы істері басқармасында жұмыс істеу. Өзімнің мемлекетімнің дамуына үлес қосу. Халықаралық ағылшын емтиханынан IELTS 6,5, ал ҰБТ-дан 137 балл алдым», – деді  жас түлек Әмір Қамажанов

«Толқып тұрмын,11 жыл бойы білім алып келген мектебімді аяқтап жатырмын. Бұл –үлкен өмірге алғашқы қадам деп білемін. Ағылшыннан IELTS халықаралық емтиханын тапсырып 6 балл алдым», – деді жас түлек Малика Қоңырбай.

Айта кетейік, мамыр мен шілде айларында 17 мың 500-ден аса оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Ал қалған 3 мыңға жуық түлек шетелдік жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр.

Айдана Шалқар, Ғани Қалуов  

Оқи отырыңыз: Кім қайда оқиды: алматылық түлектер әлемнің жетекші университеттерінен шақырту алды

Новости партнеров