Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, вакцина қоры жеткілікті
Алматыда қызылшамен ауырғандардың саны артты. Жыл басынан бері шаһарда мұндай 591 жағдай тіркелген. Ал олардың басым бөлігі –вакцина алмаған балалар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматының бас санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл Алматыда қызылша жұқтырған 591 адамның 527-сі вакцина салдырмаған. Мегаполистің бас санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы бұл инфекцияның таралуы мен эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне тікелей әсер ететінін айтты. Сырқаттанғандардың 94 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.
«Алғашқы шұғыл хабарлама бойынша барлық ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді, 6812 байланыста болған тұлға анықталды, инкубациялық кезең ішінде барлығы медициналық бақылауға алынды. Эпидемиялық көрсеткіш бойынша 771 байланыста болған адам қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы егілді. Мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде балалардың таңертеңгі және ауысымдық сүзгісі, ауру белгілері бар адамдарды анықтау және оларды тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға жіберу жұмыстары жүргізіледі», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.
Шаһарда 1-6 жастағы, сондай-ақ бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балаларды және 6-10 ай аралығындағы сәбилерді қосымша жоспарлы вакциналау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында «қызылша» диагнозымен 70 бала стационарлық ем алып жатыр. Сондай-ақ Жекенова атындағы инфекциялық ауруханаға 22 ересек пациент жатқызылған, олардың екеуі жүкті әйел екен. Ал қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматыда вакцина қоры жеткілікті.
«Күнделікті мониторингке қатысты балалардың арасында 2901 бала қызылшаға қарсы екпемен қамтылды. Онымен қоса, вакцинадан бас тартатын ата-аналармен профилактикалық егулердің маңыздылығы және ауа тамшылары инфекцияларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар әрбір медициналық ұйым бөлісінде вакцинациямен қамтылуына талдау жүргізіліп, қайта қамту немесе төмен қамту жағдайлары анықталып, тиісті шаралар қабылдануда», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.
Сондай-ақ спикерлер Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін айтты. Сырқаттану деңгейі былтырмен салыстырғанда шамамен 10 пайыз төмен. Биыл алғашқы 8-аптада шаһарда вирус жұқтырған 14 мың 848 адам тіркелген, ал оның 54,7 проценті балалардан анықталған.
Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Елде қызылша ауруы өршіп тұр