Министрдің айтуынша, екпе - аурудың алдын алудың ең тиімді жолы
Елде қызылша ауруы өршіп тұр. Биыл 3 мың 764 адам осы дертке шалдыққан. Оның 3 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Аурудың одан әрі таралуын болдырмау мақсатында жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу талаптары күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызылшаға қарсы вакцина алғаны расталмаған 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері міндетті түрде екпе алуы тиіс. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналарға бейнеүндеу жасап, балалардың уақытылы қызылшаға қарсы вакцинация алудың маңызын ескертті. Министрдің айтуынша, екпе - аурудың алдын алудың ең тиімді жолы.
«Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркеліп отыр. Бұл – ең тез таралатын инфекциялардың бірі. Бір науқас жақын байланыста болған вакцина алмаған адамдардың 90 пайызына дейін жұқтыруы мүмкін. Ең алдымен вакцина алмаған балалар қауіпке ұшырайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Ауру дендеп бара жатқандықтан 6 мен 11 айлық 37 мыңға жуық балаға қосымша вакцина салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауру жұқтырғандар саны біршама азайған. Өткен аптада республика бойынша 417 жағдай тіркелсе, бұл аптада 311 жағдай анықталды. Дегенмен елде эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі.
Оқи отырыңыз: Дубайдан үш жүзден астам отандасымыз елге жеткізілді